ҚМГ жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» бен Жаңаөзеннің мердігер ұйымдарында бірқатар заң бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды жұмысқа алған. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлайды.
«Өзенмұнайгаз» компаниясында жұмыс орындарына келмеген қызметкерлерді жұмысқа орналастырған фактілер анықталған. Осындай жағдайлардың бірі, ақтаулық белгілі айтыскер ақын алдымен штатта теолог, кейіннен қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарған», дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.
Сондай-ақ, жұмыс тобы мұнай өндіретін жабдықты жалға алу қызметі бірнеше есе жоғары бағаға көрсетілген жағдайды анықтады.
«Сервис көрсететін компаниялардың бірі «Өзенмұнайгазға» әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жалға берген. Өңірдегі басқа мұнай өндіруші компанияның дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан, атап айтқанда тәулігіне ұңғымаға 39,7 мың теңге», деді Хасанов.
ҚМГ Басқарма Төрағасының орынбасары сатып алу саласынан тағы бір мысал келтірді. Атап айтқанда, ӨМГ ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алды. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан. Жеткізу мерзімі — 2022 жылдың 31 желтоқсаны. Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжаттамасында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда, тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшектерінің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған.
Жұмыс тобы өндірістік және экологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзған жағдайларды жою үшін ӨМГ мен мұнай сервис компанияларына ұсыныстар мен тапсырмалар берді.
10 сәуір Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған еді. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «керек болса, мұнайшылардың алдына шығатынын» айтты.
11 сәуір ҚМГ мен бір топ мұнайшылар келіссөз жүргізіп көргенімен, ол нәтижесіз болды. Олар өздеріне тұрақты жұмыс керек екенін айтып, компания ұсынысынан бас тартты.
Сол күні кешке бейбіт тұрған мұнайшыларды арнайы жасақ автозагқа тиеп алып, полиция бөлімшелеріне жеткізді. Сол түні Мағыстау, Ақтау облыстары, Жаңаөзен қаласының тұрғындары, ірі мұнай кеніштерінің қызметкерлері ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етіп, көшеге шықты.
12 сәуірде ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі құқық қорғау органдары ұстаған мұнайшылар қамаудан босатылып, Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кеткенін хабарлады.
Сол күні мұнайшылар келіссөзге 10 адам қалғанын, өзгесі елге қайтып бара жатқанын айтып. видеоүндеу жариялаған болатын.
14 сәуір күні Жаңаөзенге жеткен мұнайшылар нақты шешім шыққанша «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты алдында тұратындарын мәлімдеді.
«ҚазМұнайГаз” АҚ Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың талаптарын орындау өте қиын, оны ашық айту керек» деп мәлімдеген.
Ал 24 сәуірде «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлы Жаңаөзендегі барлық жұмыссыз адамды «ӨзенМұнайГаз» еңбекпен қамти алмайтынын айтты.