Жаңалықтар

KEGOC дивиденд төлеуге 13 млрд теңге бөледі

Фото: kursiv.media

«KEGOC» АҚ-ның бекітілген жылдық шоғырландырылған қаржы есебіне сәйкес, компанияның 2022 жылғы шоғырландырылған таза пайдасы 26,75 млрд. теңгені құраған. «KEGOC» АҚ Акционерлерінің жалпы жиналысы 2022 жылдың ІІ жартыжылдығына 13,15 млрд. теңге мөлшерінде дивиденд төлеуге шешім қабылдады. Бұл бір жай акцияға есептегенде 50,59 теңгені құрайды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 17,01 млрд теңге дивиденд төленген. Сонда былтыр таза пайдадан төленген дивиденд көлемі 30,17 млрд теңгені құрады.

2022 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысына сай «KEGOC» АҚ жай акциялары бойынша дивидендтер алуға құқығы бар «KEGOC» АҚ акционерлерінің тізімі 2023 жылғы 12 мамырдағы 00 сағат 00 минуттағы жай-күй бойынша тіркелетін болады. Дивидендтерді төлеудің басталу күні – 2023 жылғы 15 мамыр.

Былтыр IPO-ға шыққалы бері KEGOC компаниясы акционерлеріне 188 млрд теңге дивиденд төлегені белгілі болды. Соның ішінде 2021 жылы төленген дивиденд көлемі – 35,2 млрд теңге.

2014 жылы алғаш қор нарығына шыққанда «KEGOC» АҚ акциясының құны 505 теңгені құраса, қазіргі кезде оның биржадағы бағасы 1705 теңгеге жетті.