Фото: kursiv.media
Астанада Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты. Оны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді. Үкімді Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Кемеңгер Имашев шығарды.
Сот Гүлмира Сатыбалдыны қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
«Мемлекет басшысына Гүлмира Сатыбалдыны «Құрмет» мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін», – деді судья Имашев.
Іс бойынша сотталушылардың бірі Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды.
Үшеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев Гүлмира Сатыбалдыны мүлкін тәркілеусіз, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Іс барысында ол кінәсін ішінара мойындады.
Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілер: Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов.