Фото: shutterstock.com
Америкалық Apple Inc. компаниясының қаржылай кірісі екінші тоқсанда 3 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш сарапшылар болжамынан да асып түсті, деп жазады Интерфакс-Қазақстан.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, оның осы тоқсандағы кірісі 94,8 миллиард долларды құраған. Ал былтыр дәл осы кезеңде компания кірісі 97,3 миллиард долларға жеткен еді.
Бұған дейін FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар орта есеппен 92,9 миллиард долларды болжаған.
Өткен тоқсандағы таза пайда бір жыл бұрынғы 25 миллиард доллармен салыстырғанда 24,2 миллиард долларға дейін төмендеген. Бір акцияға шаққандағы көрсеткіш өзгеріссіз: 1,52 доллар деңгейінде қалды. Ал сарапшылардың консенсус болжамы бір акция бағасы 1,43 доллар болған.
Компанияның iPhone сатылымынан түскен тоқсандық табысы 1,5%-ға өсіп, 51,33 миллиард долларға жетті. Ал сарапшылар бұл көрсеткіш 48,7 миллиард долларға дейін төмендейді деп күткен еді.
MacBook-тан түскен табыс 31%-ға төмендеп, 7,17 млрд долларды (болжам бойынша 7,8 млрд доллар) құраса, iPad сатылымынан келген табыс 6,67 млрд доллар болды.
Apple бас директоры Тим Кук жеке компьютер сатылымының төмендеуін жоғары салыстырмалы базамен байланыстырды. Өйткені бір жыл бұрын жаңа M1 процессорларын енгізгенде бұл құрылғыларға сұраныс өскен.
Түрлі қызметтерден (App Store, Apple Music, Apple Pay және iCloud) түскен кіріс 5,5%-ға өсіп, 20,91 млрд долларға жетті. Тағатын құрылғылар мен аксессуарларды сатудан түскен кіріс өзгермей, 8,76 млрд долларды құрады.
Apple өнімдерінің Қытайдағы сатылымы (Гонконг пен Тайваньды қоса алғанда) екінші қаржылық тоқсанда 3%-ға, 17,81 млрд долларға дейін азайды. Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы саудадан түсетін табыс 7,6%-ға, 37,78 млрд долларға дейін азайса, Еуропада 2,8%-ға өсіп, 23,95 млрд долларға жеткен. Ал Жапонияда 15% өсіп, 8,12 млрд долларды құрады.
Сондай-ақ Apple акцияларын қайта сатып алу бағдарламасын қосымша 90 миллиард долларға көбейтіп, тоқсан сайынғы дивидендті бір акцияға 24 центке жеткізетінін жариялады.
Бейсенбі күнгі қосымша саудада Apple акциялары 2,5%-ға қымбаттаған. Жыл басынан бері компанияның капиталдандыруы 27,6%-ға өсіп, 2,65 трлн долларды құрады.
Жақында Apple мен Goldman Sachs АҚШ-та жаңа жинақ есепшот құралын іске қосатындарын мәлімдеді. Олар жылына 4,15 пайыз сыйақы төлейміз деп отыр. Бұл өз кезегінде дәстүрлі банктерге төнген жаңа қауіп белгісі сынды деп жазады сарапшылар.