Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«10 мамырда Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының экс-төрағасы А.И. Мырзахметовті ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенеді. Күдікті Астана қаласы ПД УҰИ-на қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексерілуде», делінген хабарламада.
Бұқаралық ақпарат құралдары сәрсенбі күні Абылай Мырзахметовтің 30 миллион доллар пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов журналистерге Мырзахметовтың ұсталғанын растаған.
«Біз сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаймыз. Тергеу амалдары жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар таратуға жатпайды», делінген агентік жауабында.
Мырзахметов «Атамекен» ҰКП 2013 жылдың қыркүйегінен бастап басқарып, қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай, қызметінен босатылды.
Ал 2009 жылдың тамыз айынан «ФПС Беркут» ЖШС бас директоры болған, одан бұрын, әр жылдары Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығында қызмет атқарған.
Ол – Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметовтың інісі, ол әр жылдары Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі және басқа да қызметтерді атқарған.