Жаңалықтар

Қашаған мен Қарашығанақты игеріп жатқан компанияларға қатысты дау қалай шешіледі?

Фото: shutterstock.com

ҚР Энергетика министрлігі Қашаған (NCOC) мен Қарашығанақ (КПО) мұнай-газ кен орны операторларына қатысты дауды соттан тыс реттеу мүмкіндігін де қарастыруы мүмкін. Бұл туралы журналистерге министрлік басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

«Егер қос тарап та ниет танытса, бұл дауды келіссөз аясында шешу мүмкіндігін қарастыруға болады», деді Сәтқалиев тараптар бітімге келе ме деген сұраққа.

Оның айтуынша, әзірге іс халықаралық арбитражда, тараптар кеңес алып, арбитрларды анықтап жатыр.

Сәуір айында Bloomberg агенттігі екі ірі мұнай кенін игерумен айналысып жатқан шетелдік компаниялар Қазақстан Үкіметімен соттасып жатқанын хабарлаған. Шағым сомасы миллардтаған долларды құрайды.

Басылымға ақпарат берген дереккөз мәліметінше, Қазақстан Үкіметі жобадағы серіктестер Қашаған үшін 13 миллиард доллар және Қарашығанақ үшін 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі керек деген пікірде.

11 сәуір күні Үкімет кулуарында журналистер сауалына жауап берген министр Алмасадам Сәтқалиев ірі мұнай компанияларына қатысты шағым түсірілгенін растаған.

«Үкіметтің уәкілетті органы PSA компаниясы Қарашығанақ және Қашаған компанияларына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді. Түсініктеме беруде шектелемін. Бір ғана айтарым, бұл сот істері қазақстандықтардың мүддесі үшін жасалған. Онда әрқайсы 3,5 және 13 миллиард доллардан бар», деді Энергетика министрі.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды үш ірі кен орнында көмірсутектек өндірісі жалпы мұнайдың 60%-ын құрайды.