«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын қызмет түрлерінің бекітілген тізімін жария етті.
Палатаның ақпараты ойынша, тізбеге негізінен жеке тұлғалар үшін тауарларды сатуға және қызметтер көрсетуге бағытталған 190 қызмет түрі кіреді. Оның ішінде бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылақ жұмыстары, жолаушы тасымалы, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және т.б.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың дерегінше, кәсіпкерлер палатасы тарапынан экономикалық қыметтің жалпы жіктеушінің 682 кодын қосу туралы ұсыныс жіберілген. Алайда, Үкімет қаулысымен бекітілген тізбеге олардың 190-ын ғана еніпті.
«Бөлшек салықты заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көрсетілген тізбеден қызметтің бір немесе бірнеше түрімен айналысқан жағдайда қолдануға құқылы. Бөлшек салық жеке тұлғаларға сатылған кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8% мөлшерлеме бойынша төленеді. Бұл ретте жергілікті мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығы берілген, бірақ жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін 50%-дан аспайды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, бөлшек салықты қолданатын кәсіпкерлер жұмысшылардың табысынан бірыңғай төлем төлей алады.
Бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын қызмет түрлерінің толық тізімімен мына жерден танысуға болады.
Естеріңізге саламыз наурыз айының басында Сенат бөлшек салықты 4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін заңды мақұлдаған еді.
Сол кезде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заңның азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, халықтың көші-қон саласындағы салық ережелерін нақтылайтынын атап өткен еді.
Сенат бұл заңға бірқатар өзгеріс енгізіп отыр. Олардың бір топтамасы бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне байланысты. Бұл салық режимі пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субъектілеріне демеу болып, тиімділігін көрсетті, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев
Сондай-ақ, таксистер мен курьерлер 1-шілдеден бастап арнайы салық режимін пайдалана алады