Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов мектептегі оқу ұзақтығына байланысты: Бұл сұрақты маған қоймау керек

Фото: kursiv.media

Депутат Асхат Аймағамбетов соңғы қоңырауды 25 мамырдан басқа датаға ауыстыруға қатысты ойын айтты.

Мәжіліс кулуарында журналист «соңғы қоңырауды 25 мамырдан басқа күнге ауыстыру қаншалықты орынды болды? Бұл бірнеше күн балаларға оқудағы олқылықтың орнын толтыруға көмектесетіні атылды. Ал қазір балалар бәрібір оқып жатқан жоқ, оқулықтарын тапсырып жатыр» деп сұрады.

«Оқулықтарын тапсырып жатса, бұл сұрақты маған қоймау керек. Бұл сұрақты Оқу-ағарту министрлігіне қою қажет. Әріптестерімнің бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатқанына сенімдімін. Ол жақта білікті мамандар отыр. (…) Ал менің балаларым кітаптарын өткізген жоқ, оқып жатыр», – деп жауап берді депутат Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ экс-министр үнемі барлығына ұнайтын шешім қабылдау мүмкін емес екенін айтты.

«(…) Біз мектеп директорларының ротациясын енгіздік. 7 мың мектеп директорына бұл шешім ұнамады. Біз мектеп директорларының жұмыс мерзімін бес жылға шектеу туралы айттық. Бұл да, менің ойымша, бәріне бірдей ұнаған жоқ. Кез келген шешім оң немесе теріс қабылдануы мүмкін. Ең бастысы, негіз болуы керек. Ең бастысы – елге қажет шешім қабылдау», – деді Аймағамбетов