Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының әділетсіздігін айтып, митингке шыққан киногерлердің мәселесін шешу үшін министрлік жанынан тәуелсіз комиссия құрылады. Бұл жайлы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
Естеріңізде болса, киногерлер12 мамыр күні Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталықтың байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуді әділетсіз өткізетінін айтып, митингке шыққан. Жиналғандар алдына ҰКМҚО төрағасы міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Шүкенов шығып, мәселені қарастыратынын айтқан.
Алайда 17 мамыр күні киногерлер баспасөз маслихатын өткізіп, өздерінің қудаланып жатқанын, заңсыз митингке шыққаны үшін айыппұл салынғанын мәлімдеген.
«Бұл мен үшін үлкен қорлық. Өйткені менің жазығым жоқ. Мен өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, кинода болып жатқан әділетсіздікке өзімнің азаматтық пікірімді білдіргім келді. Сол үшін мені осындай жауапқа тартып жатыр. Бұл қуғынның басы. Бұдан кейін біз министрлік тарапынан репрессия болатынын күтеміз», деген Ерлан Төлеутай.
20 мамырда ұлттық кино орталығынан жобаларды іріктеу үшін тәуелсіз комиссия құруды талап еткен киногерлер Астанадағы Мәдениет және спорт министрлігінің алдына барған. Олар ҰКМҚО-ға іріктеуге 290 киножоба жолданғанын, оның 130-ы ғана өтіп, 150-ден астамы кері қайтарылғанын айтқан.
Ал бүгін Үкімет отырысынан соң, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов киногерлердің мәселесін шешу үшін тәуелсіз комиссия құрылғанын хабарлады.
«Киногерлермен қажет болса кездесеміз, бірақ осыған дейін бірнеше рет кездесу болды. Олармен комитет төрағасы, вице-министр кездесті. Құрамына Мәдениет комитетінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері енген тәуелсіз комиссия жұмысын бастап кетті. Комиссия жұмысының қорытындысын қосымша хабарлайтын боламыз», деді министр.