Фото: Бас прокуратура
Қазақстанда адам өлтірді деген күдікке ілініп, халықаралық іздеуде жүрген азамат Германиядан экстрадицияланды. Бас Прокуратура күдіктіні ұстап беру туралы сұрау салған. ГФР үкіметі бой тасалап жүрген күдіктіні Қазақстанға берген.
Қылмыс 2017 жылы Орал қаласындағы автотұрақ аумағында орын алған. Жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге 7 рет пышақ салып, жәбірленуші соның салдарынан қайтыс болған. Қылмыскер ізін суытып, құқық қорғау органдарынан жасырынып жұрген.
«Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды», делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған қылмысы үшін ол 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі кезде аса ауыр қылмыс жасаған 300 ге тарта адам іздеуде жүр. Ресей, АҚШ, Түркия, БАӘ, Қырғызстан, Өзбекстан және Украинадан елге 95 азамат қайтарылған.