Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев СҚО ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдіріп, «ЕАЭО, ең алдымен экономикалық интеграциямен айналысуы керек» керек деп мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Жуырда Мәскеу қаласында ұйымның кезекті саммиті өткен еді. Президенттің айтуынша, Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор.
«Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың ұсынысына да баға берді.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрген.
Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілген. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр. Биыл облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның ішінде 3,2 миллион гектарға – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға – майлы дақылдар, 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға – басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.