Фото: shutterstock.com
Жасанды интеллект модельдерінің саны артып келеді. Бұған дейін ChatGPT жайлы жазған едік. Бүгінгі материалымызда Google ұсынған Google Bard AI туралы айтамыз. Бұл — терең зерттеу жасалған алгоритмдер негізінде жасалған ең жаңа модельдердің бірі. Чат-бот технологияны қалай қолдануға болады? Оның қолынан не келеді? Соған тоқталайық.
Аталған чат-бот технология LaMDA технологиясы негізінде жасалған. Интернетте қолданушылар жасаған сұраныстарға өзекті жауап тауып береді. Яғни біздің қазіргі іздеу жүйе арқылы жасайтын сұраныстарымызға қарағанда бұл әлдеқайда кеңірек, тереңірек болады деген сөз. Google Bard AI — әзірге сынақ түріндегі жоба. Машинаны үйрету алгоритмдерін қолдану арқылы неғұрлым дәл жауап табуға бағытталады. Google бас директоры Сундар Пичаи компанияда жасанды интеллектіге баса мән берілетінін, Transformer концепциясын жасап жатқандарын блогында айтып өткен еді. Демек, бұл бағыттағы жұмыс дами беретінге ұқсайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, жасанды интеллект модельдерінің түрі көп. Сондықтан Google қарқынды жұмыс атқармаса болмайды. Жасанды интеллектінің шешімді өте баяу қабылдап жатқаны, технологиялық прогресс жағынан қалыңқырап келе жатқаны мәселе болып тұр. Себебі компанияның OpenAI сияқты қуатты бәсекелестері бар. Мәселен, OpenAI қазіргі таңда жасанды интеллектінің ең кейінгі модельдерін жасап, оларды түрлі салада қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Әрі ол істері сәтті іске асып жатыр.
Ал енді Google Bard AI сонда несімен ерекшеленеді? Басты артықшылығы — қолданушыларға интернетте іздеген сұраныстарына жауап алудың ең ыңғайлы тәсілін ұсынып отырғаны. Демек, оны қолдану арқылы біз іздеу жүйелерімен жұмыс істеу, интернетте ақпарат іздеуді жақсырақ үйренеміз деген сөз. Бүгінде Google іздеу жүйесінде қолданылып жүрген LaMDA технологиясының кейінгі нұсқасы осы Google Bard AI-ге қосылған.
Google Bard AI артықшылықтары
Google ұсынған чат-бот сөйлесе алатын жасанды интеллект технологиясы екенін айттық. Қойған сұрақтарыңызға кең әрі нақты жауап алуға көмектеседі. Күрделі ақпараттарды жеңілдетіп, түсініксіз форматтарды реттейді. Бот жұмыс істейтін үлкен тіл модельдері мен машинаны үйретуге арналған алгоритмдер адамның араласуымен бапталған. Қазіргі уақытта Bard мәтін түрінде жасалған сұраныстарға мәтінмен жауап бере алады. Бірақ алдағы уақытта компания мүмкіндіктерді кеңейтіп, LaMDA, PaLM, Imagen және MusicLM секілді жасанды интеллект технологиялары арқылы ақпарат алмасуды іске қосуды жоспарлап отыр.
- Bard барлық интернет-жазбаларды қарай алады. Чат-бот белгілі бір ақпарат жиынтығымен шектелмеген. Мысалы, басты бәсекелесі саналатын ChatGPT 2021 жылдың қыркүйегіне дейінгі ақпараттарды ғана көрсете алатын болған еді. Сондықтан кейінгі деректерді шығара алмайды деген сынға ұшыраған болатын.
- Мұнда плагин көп. Сол арқылы басқа платформалардың функцияларына қол жеткізуге болады. Айталық, азық-түлік дүкенінің плагині арқылы үйге тамақ алдыра аласыз. Ал кинотеатрдың плагинін пайдаланып, билетке брон жасауға мүмкіндік бар.
- Bard бағдарламалаушыларға код жазуға көмектесе алады. Әрине, бұл мүмкіндік басқа чат-боттарда да бар. Дегенмен атап өтпесе болмайды. Қолданушы бар болғаны өзіне керек нәтижені түсіндіріп берсе жеткілікті. Соған қарай нәтиже береді.
- Бағдарлама нәтиже ретінде жауапты шығарғанда мәтін ғана емес, суретті де жүктеп береді. Айталық, «Астанадағы ең әдемі жерлерді көрсет» десеңіз, онда сізге мәтін тізім ғана емес, суреттер де қоса беріледі.
- Bard сурет арқылы іздей алады. Бағдарлама суреттегі объектілерді өзі тануға қауқарлы.
- Нәтижелерді экспорттау жүйесі барынша жеңілдетілген. Мысалы, чат-ботттың жауабын күтіп отырмайсыз, ол сізге нәтижені электрон поштаңызға жолдай алады.
- Мәтіннің ішіндегі бос сөздің бәрін алып тастап, жазылған дүниенің сөлін сығып бере алады. Мәселен, сіз оған сайттың мазмұнын айтып беруін сұрасаңыз болады. Қаласаңыз, жіктеп, бөлімге бөліп тұрып жауабын әзірлей алады.
- Сұраныстарға арналған драфттар бар. Бағдарлама жасап берген нұсқалардың ішінен өзіңізге ыңғайлысын таңдауыңызға болады.
Әзірге Bard-тың толыққанды түсінетін тілі — ағылшын тілі. Бірақ алдағы уақытта біртіндеп жаңа тілдер қосыла береді дейді компания өкілдері. Ал бағдарламалау кодына келсек, чат-бот 20 шақты тіл біледі. Оның ішінде C++, Java, Python, Go, JavaScript, TypeScript секілді танымал бағдарламалау тілдері бар. Одан бөлек, нейрон желісі бір тілден екіншісіне аударып бере алады. Код фрагменттерін де түсіндіріп беретін функциясын атап өту керек. Бұл әсіресе, енді бастап жатқан джуниор бағдарламалаушыларға қажет болады. Жүйе қай жолда қате кеткенін көрсетіп, неге ондай нәтиже шыққанын түсіндіреді. Әлбетте, қателесіп кететін кездері болады. Сондықтан генерация жасап берген соң оны бір мұқият отырып қарап, тексеріп алған жөн. Қате кеткен жерлерді көрсетсеңіз, өзі жөндейді. Сонымен қатар, боттың көмегімен бағдарламаланы жетілдіріп, тезірек әрі тиімдірек жұмыс істейтіндей ете аласыз. Ашық дереккөздерден алған кезде чат-бот код дереккөзін не ақпарат алуға қолданылған мәтін яки мақаланың сілтемесін міндетті түрде беріп отырады. Уеб-беттерге сілтемені Bard берген жауабының астына қосып қояды.
Айтпақшы, чат-бот мақалаларға анализ жасай алады. Әрі күрделі тақырыптар болса, соның қысқа мазмұнын дайындап береді. Сол арқылы екі мәтінді салыстырып, айырмашылығы мен ұқсас жерлерін тауып бере алады. Google Bard электрон кестелеріндегі формулаларды да жақсы түсінеді.
Қалай қолданамыз?
Артықшылықтары мен жұмыс істеу принциптерін атап өттік. Енді онымен қалай жұмыс істейміз? Негізі бұл құралды қолдану еш қиын емес. Бар болғаны беттің соңындағы жолға өзіңіз іздеген сұранысты жазасыз. Сол жақ шетте тұрған мәзір арқылы ботпен жасалған диалогты тазартуға болады. Сондай-ақ, не ізделді деп тарихын да қарай аласыз. Жаңартулар жайлы ақпараттар да сол жерде тұрады. Анықтамалық қажет болса, сұрастыруға мүмкіндік бар. Қолдану үшін сізге бар болғаны не білгініңіз келетінін не не құрағыңыз келетінін айтсаңыз болғаны. Өзіңізге не керек — соны сипаттап беріңіз. Сосын бот өзі бағыт беріп, жақсы нәтиже шығаруға көмектеседі. Әрі мәселенің бір емес, бірнеше балама шешімдерін де ұсынады. Ішінен ыңғайлысын таңдап ала аласыз. Әзірге Google Bard мәтінмен шектеулі. Яғни күрделі диаграммалар не инфографикалар жасай алмайды. Бірақ дайын абзацтар болса, соларды мазмұнына қарай түрлі стильдерге ауыстыруға болады.
Одан бөлек, Bard жауаптарын белгілі бір жас категорияларына қарай бейімдей алатынын атап өту керек. Сол үшн сұраныс жасаған кезде қанша жастағы адамдарға екенін көрсетсеңіз болғаны. Мысалы, балаларға, зейнеткерлерге, компания басшылары дегендей санатты көрсетуіңіз керек. Солай нақты бір топты белгілеген кезде жауаптар да соған қарай өзгереді. Салыстыру үшін солай жасап көрсеңіз болады. Бұл нақтырақ жауап алу үшін таптырмас көмекші. Егер чат-бот жауабы көңіліңізден шықпаса, кілт сөздерді өзгертіп, ауыстырып көріңіз. Болмаса, барынша қосымша мәлімет көп қосыңыз, детальдар қосыңыз.