Фото: kursiv.media
«Росатом» бөлімшесі саналатын «Новавинд» Қазақстандағы жел энергетикасы жобаларына қатысуға ниетті. Бұл жайлы компанияның бас директоры Григорий Назаров мәлімдеді.
«Новавинд» – «Росатомның» жаңартылатын энергия көздері бойынша бөлімшесі Қазақстанда, Қырғызстанда және Оңтүстік-Шығыс Азияның (SEA) бірқатар елдерінде жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Елімізде жаңартылатын энергияны қолдаудың жаңа кезеңі басталды, біз оны жүзеге асыруға белсенді қатысуды жоспарлап отырмыз», деп хабарлады компанияның бас директоры.
Сонымен қатар Назаров журналистерге берген сұхбатында Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне басымдық берілетінін, қазіргі таңда Вьетнамда өкілдік ашып жатқанын айтқан. Оның айтуынша, Мьянма бойынша да ынтымақтастық басталған және ол елде жақын арада жоба бойынша зерттеу жұмыстары басталады.
«Келесі конкурс Қазақстанда өтеді деп күтемін. Сондай-ақ, Қырғызстанды дамыту жоспарымызда да бар. Жел электр станцияларын салуда «Росатом» инвестор ретінде қатысады және жабдықтаумен айналысады», деп түсіндірді компания өкілі.
Сонымен бірге ол SPIEF-2023 көрмесінде бұл жобалардың егжей-тегжейлі талқыланатынын және сол көрмеде келісімдерге қол қойылатынын айтқан.
Назаров «Вестник Атомпром» журналына берген сұхбатында 2023 жылы «Новавинд»-тің міндеті бірінші деңгейлі келісімшарттарға қол қою екенін хабарлаған болатын. Бұл компания жел энергетикасы активтерін біріктіру үшін 2017 жылдың қыркүйегінде «Росатом» негізінде құрылған. Компанияның жобалық портфелінің жалпы көлемі 2027 жылға дейін 1,7 ГВт құрамақ.
«Росатом» соңғы кездері Қазақстанға көп қызығушылықтаныта бастаған. Бұл шетелдік компания еліміздегі әлем бойынша уранға бай «Буденовское» кенішін сатып алған.
Сәуір айында Литва билігі Еуропалық Одаққа Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясына қарсы санкция енгізуді ұсынған.