Фото: Қордың баспасөз қызметі
Жоңғар қақпасы аймағында электр энергиясын жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясы салынады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Астана халықаралық форумы аясында Самұрық-Қазына, ҚР Энергетика министрлігі, Жетісу облысы әкімдігі және ACWA power компаниясының басшылығы ЖЭС жобасын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар мен мерзімін айқындайтын жоспарға қол қойған.
Аталмыш құжат – Мемлекет басшысының 2022 жылы Джедда қаласына барған сапары мен биыл Сауд Арабиясында қол қойылған Қағидаттар туралы келісімнің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы.
ACWA Power – жаңартылатын энергия көздері, атап айтқанда, электр энергиясы мен тұщыландырылған су өндірісі бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Компанияның энергетикалық портфеліне 12 елдегі 77 актив кіреді. Жобалардың жиынтық қуаты 50,4 ГВт электр энергиясынан асады, ал компанияның жобаларға инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 78,2 млрд долларды құрайды.