Жаңалықтар

АҚШ-тағы статистика Еуропа қор нарығына да әсер етті

Фото: kursiv.media

Сейсенбі күнгі саудада Еуропа қор индекстері біршама өсті. Тек Испанияның индикаторы олардың қатарына кірмеді, деп жазады «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

Бағалы қағаздар нарығына Америка Құрама Штаттарының статистикалық деректері әсер етті. Кеше жариялаған деректер АҚШ-та инфляция 2021 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке жеткенін байқатады. Осы орайда трейдерлер инфляцияның айтарлықтай әлсіреуі ФРЖ-ның 13-14 маусымдағы отырысында ақша-несие саясатын қатаңдату циклін кідіртіп, базалық пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруға (5-5,25%) мүмкіндік береді деп күтіп отыр.

Stoxx Europe 600 аймағындағы ірі компаниялардың жиынтық индексі нарық жабылу сәтінде 0,55%-ға өсіп, 463,27 тармақты құраған.

Британдық FTSE 100 – 0,32%-ға, неміс DAX – 0,83%-ға, француздық CAC 40 – 0,56%-ға, итальялық FTSE MIB – 0,57%-ға өсті. Испандық IBEX 35 индексі 0,11%-ға төмендеді.

Трейдерлердің назары Еуропа Орталық банкінің 15 маусымдағы отырысына да ауып отыр. Сарапшылар еуропалық реттеуші алдағы кездесуде негізгі пайыздық мөлшерлемелерді 25 базистік пунктке көтереді деп болжайды.

Германияның Федералдық статистика басқармасының (Destatis) деректері Германияда мамырдағы тұтыну бағасының өсімі жылдық мәнде 6,3%-ға дейін төмендегенін байқатты. Германияда мамырдағы инфляция 2022 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті.

Ал Ұлыбританияда инфляцияның жеделдеу белгілері байқалып отыр. Елдегі орташа апталық жалақы ақпан-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға – 648 фунт стерлингке дейін өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика басқармасы (ONS) жариялаған есепте жазылған.

Англия банкінің төрағасы Эндрю Бэйли Лордтар палатасының Экономикалық мәселелер жөніндегі комитетінде сөйлеген сөзінде «елдегі инфляция біз күткеннен де баяу төмендеп келеді» деп мәлімдеді.

Британдық шикізат компаниялары акцияларының бағасы сауданы тұрақты өсіммен аяқтады. Нарық жабылуына қарай Rio Tinto – 2,7%-ға, Antofagasta – 3,5%-ға, Anglo American – 2,8%-ға, BHP – 2,5%-ға, BP – 0,5%-ға, Shell – 0,8%-ға өсті.

Glencore акциялары 5,3%-ға қымбаттады. Bunge және Viterra агробизнес компаниялары сейсенбі күні 8,2 миллиард долларлық келісімге қосылатынын хабарлады. Келісімге сәйкес, Glencore Bunge акцияларынан шамамен 3,1 миллиард доллар және Viterra-дағы үлесі үшін қолма-қол 1 миллиард доллар алады.

Құрылыс материалдарын өндіруші Saint-Gobain компаниясының акциясы Канаданың құрылыс өнімдерін 925 миллион еуроға сатып алатыны жайлы жаңалықтан кейін 3,1%-ға өсті. Мәміле ақшалай есеп айырысуды қамтиды және 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.

Teleperformance SE (+3,8%) пен Legrand S.A. (+2,1%) акциядары қымбаттаса, Sanofi (-1,2%), Orange (-1%) және Bouygues (-0,9%) акциялары арзандады.

ProSiebenSat.1 Media SE неміс медиакомпаниясы 2,8%-ға қымбаттады. Компания ойын-сауық сегментіне жауапты директорлар кеңесінің мүшесі Вольфганг Линктің жақын арада кететінін хабарлады. Енді бұл бағытты тікелей бас директор Берт Хабетс басқаратын болады.

Итальялық Enel капиталы қаржы директорының ауысатыны жайлы жаңалықтардан кейін 0,7%-ға төмендеді.