Жаңалықтар

Қазақстандық туристер арасындағы ең танымал бес қала аталды

Фото: kursiv.media

Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық туристерге қызықты қалалардың рейтингін жасады.

2023 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36% – ға артық. Оның ішінде көпшлік үшін ең тартымды қала – Алматы. Министрлік тізімінде бірінші болып тұрған қалаға қаңтар-сәуір айларында 1 185 130 адам саяхаттап келген. Тау-шаңғы курорттары, сұлу табиғат, қолайлы климат пен қонақжайлылық. Осы және басқа да артықшылықтары бар Алматы еліміздегі бірегей туристік қала саналады.

Екінші орында – Астана тұр. Бұл шаһар әкімшілік-іскерлік орталық қана емес, туристер жиі таңдайтын басым бағыттардың бірі. 2023 жылдың алғашқы төрт айында Астана 951 750 мейманды қабылдаған. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе түседі. Өйткені қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорда іргесінде еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей құрылысы жүріп жатыр. Бозоқ – бас қаланың туристік бойтұмары ретінде қонақтар міндетті түрде тамашалауға баратын орынға айналмақ.

Ал үшінші орынды Шымкент қаласы иеленген. Бұл қала көпшілікке қонақжайлылығымен танымал. Қаңтар-сәуір аралығында шырайлы шаһарға 346 280 адам саяхаттап келген. Мұнда туристер киелі-тарихи орындарға саяхаттап, шипайжайдағы демалыс немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралар іс-шараларға қатыса алады.

Ал Атырауға бұл аралықта 305 460 қонақ келген. Мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өңірде «Сарайшық» визит-орталығы ашылған. Мұнда туристерге Қазақ хандығы, Алтын Орда және ежелгі дәуірдегі қалашық тарихымен танысуға барлық жағдай жасалған. Жазғы маусымда Атырауға келушілер саны артады деп күтіледі.

Ал бесінші қала – Ақтау. Теңіз жағасында орналасқан Каспийдің ақмаржаны саналатын қалаға 220 660 қонақ келген. Ал, жазғы маусымға қарай, туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20%-ға дейін артқан.

Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді ынталандыру мақсатында бірнешет бағдарламаларды іске қосқан. Соның бірі – Kids go Free бағдарламасы. Ол бойынша қазақстандықтар ел ішіндегі отбасылық демалысты тиімді жоспарлап, туроператорлардан туристік пакет сатып алғанда 30%-ға дейін қаражат үнемдей алады.