Жаңалықтар

Астана соты NCOC компаниясының экология департаментіне қатысты талап арызын ішінара қанағаттандырды

Фото: kursiv.media

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты North Caspian Operating Company компаниясының Атырау облысы бойынша экология департаментіне берген талап арызын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Kursiv.kz.

North Caspian Operating Company – Қашаған консорциумының операторы. Соттың хабарлауынша, іс 2023 жылдың 14 маусымында қаралды.

Айта кетейік, 2023 жылдың наурызында Атырау облысы бойынша экология департаментінің NCOC жұмысында бірқатар экологиялық заңбұзушылықты анықтағаны жарияланды. Экологтар Қашаған кен орнының жұмысынан 10 заңбұзушылық анықтаған. Экологиялық айыппұлдың жалпы көлемі 2,3 трлн теңгені құрады.

Алайда NCOC департамент талаптарымен келіспеді және Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз берді. Осылайша компания профилактикалық қадағалауды енгізу туралы актіні және бұзушылықтарды жою туралы бұйрықты жойғысы келген. Компания департамент қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп тануды, сондай-ақ профилактикалық бақылау жүргізуді негізсіз деп тануды сұраған.

Астана соты NCOC талап арызын ішінара қанағаттандырды. Оның ішінде экологиялық 10 заңбұзушылықтың үшеуін компания пайдасына шешті. Ал қалған 7 талап бойынша сот экология департаментінің талабын дұрыс деп тапты.

Сот департаменттің компания жұмысына қатысты анықтаған заңбұзушылықтарын тексеруге негіз бар деп тапты:

  • 2021 және 2022 жылдары ағаш отырғызбағаны;
  • ағын суды экологиялық рұқсатсыз буландырғыш тоғанға төгіп тастағаны;
  • күкірт блогын дайындау кезінде күкірттен шығатын шаңның таралуын болдырмау үшін жоба талаптарын орындамағаны;
  • екі термиялық тотығу қондырғысында сынама жинауға арналған арнайы құрылғы (штуцер) болмағаны;2022 жылдың 3 тамызында газдың ағып кетуіне байланысты ауаны ластағаны;
  • белгіленген нормалардан асатын ластаушы заттардың шығарындысы бар екені;
  • Батыс Ескене темір жол кешенінде сұйықтық пен газ сақталатын ыдыстардың буландырғыштарында жобалық құжаттарда белгіленгеннен асатын күкіртсутектің жоғары деңгейі бар екені.

15 маусым күні ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі North Caspian Operating Company шағымын қанағаттандырған сот шешімімен келіспейтінін, шағымға қатысты шешім шығарған Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан KPO мен NCOC компанияларын сотқа беру арқылы пайда табуды көздемейтінін айтты.