Фото: Freepik
Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық подкастардың ішінде технология, стартап, жалпы алғанда IT туралы айтылатыны кемде-кем еді. Ал қазір бұл бағыттағы контент саны көбейіп келеді. Қазақшасының санымен мақтануға әлі ерте. Сондықтан ақпараттық технология саласына қызығатындарға орысша және қазақша шығатын подкастар топтамасын ұсынамыз.
Narikbi LIVE. Толықтай қазақша әрі қазақстандық подкастардың үздіктерінің ішінде жүретін, көпшілікке таныс, кәсіби және рухани даму туралы подкаст. Жүргізуші – Booking-те жұмыс істейтін бағдарламалаушы Нәрікби Мақсұт. Подкастында нақты ақпараттық технология жайлы айтылмаса да, арагідік IT-мамандар, кәсіпкерлер сұхбатқа шақырылып отырады. Мысалы, бір айдай уақыт бұрын Apple компаниясында жұмыс істейтін Тамирлан Сейдахметов қонаққа келді. Ол – Stanford University және Nazarbayev University түлегі. Бұл подкаста әлемді өзгертетін жасанды интеллект, ChatGPT және т.б. технологиялар туралы сөз қозғалды. IT-әлеміне қызығатындардың көбі үлгі санайтын, nFactorial school IT білім беру орталығының негізін қалаушы, Princeton University түлегі Арман Сүлейменовпен, alem.school өзін өзі оқу жүйесіне негізделген IT мектептің басшысы, Инженерлік ғылымдардың докторы, профессор Данабек Қалиаждаровпен сұхбат бар.
IT ALASH. Басты ерекшелігі – толықтай қазақша жүргізілетін канал. Жүргізуші – фронтенд-бағдарламалаушы Ақжолтай Дағжанұлы. Ақпараттық технологияларға қызығатындарға мол пайдалы ақпарат ұсынады. Осыдан 8 күн бұрын робототехника саласында жұмыс істеп жүрген маман, «Болашақ» түлегі Нұрлыбек Нұржановпен тілдескен. Подкаст саны аз болғанымен, қазақша бағдарламалау жайлы біраз видео-нұсқаулық табасыз. Каналдағы алғашқы видео жеті ай бұрын жүктелген.
MOST подкаст. MOST атты Орталық Азиядағы стартаптар мен венчурлық инвесторларға арналған тұңғыш жеке экожүйе бар. Сол холдиңнің корпоративтік каналы MOST Startup Media/МОСТ Стартап Медиа деп аталады. Каналда инвестиция, бизнес, стартап туралы көп пайдалы видео бар. Сондай-ақ, тұрақты түрде подкастар шығарып тұрады. Бір айта кететін жайт, канал өте жиі жаңарады. Мысалы, кейінгі подкаст осыдан бір апта бұрын шыққан. Сингапурлық кәсіпкер, саяси кеңесші, Fintopia Indonesia компаниясының атқарушы директоры Доктор Джонатан Чаңмен тілдескен. Жүргізушілер тақырыпқа қарай өзгеріп тұрады. Подкастар ұзақтығы әр түрлі. Орта есеппен 20-30 минутқа сыйдыруға тырысатындары көрініп тұр. Әйтсе де, кей шығарылымдар бір сағаттан да асып кетіп жатады. Алғашқы бөлімі осыдан 10 ай бұрын шыққан.
Outpeer KZ. Осы аттас білім беру платформаның командасы шығарады. Атап айтқанда, жүргізуші – Outpeer CEO-сы Әліби Сансызбай. Бүгінге дейін 15 шығарылым жарық көрген. Талқыланатын тақырып аясы кең. IT-мамандарды шақырып, карьера, қазіргі ахуал, өзекті тақырыптарды талдайды. Кейінгі шығарылымында Astana hub атқарушы директоры Алина Абдрахманова мен Riviera International School бұрынғы CEO-сы Әнуар Ұнайбековпен жеке меншік мектеп таңдау туралы тілдескен. Каналды басқаларымен салыстырғанда әжептәуір «тірі» деуге болады. 1-1,5 айда бір подкаст жарияланып тұрады. Алғашқы шығарылымы осыдан бір жыл бұрын шыққан. Ұзақтығы – 2 сағатқа жуық.
Freedom Talks. Жиі болмаса да, арагідік технология туралы сөз қозғалады. Freedom Finance компаниясына тиесілі. Студияда Freedom Holding Corp CEO-сы Тимур Тұрлов пен экономист Рақым Ошақбаев қонақтармен заманауи тенденциялар, экономика, бизнес, технологиялар саласындағы трендтер жайлы ой бөліседі. Кейінгі шығарылымда банктердің digital бағытқа ауысуы туралы тілдескен. Одан бөлек, криптовалюта, қор нарығы, стартапшыларға инвестордың көзіне қалай түсуге болатыны туралы талқыланған шығарылымдар да бар. Подкастың алғашқы шығарылымы бір жыл бұрын жарық көрген. Қазақстанда әжептәуір «салмағы» бар, мүйізі қарағайдай мамандармен сұхбаттар жасалған.
Бизнес номады. Әлемді аралап, әрі саяхаттап, әрі кәсібін өрге домалатып жүрген көшпенділер өмірінен хабар беретін подкаст. Стартапшылар мен тәжірибелі кәсіпкерлерді қонаққа шақырады. Стартаптар инкубаторының иесі Марат Ижанов пен кәсіпкер әрі тележүргізуші Серік Ақышевтың бірлескен жобасы. Шамамен аптасына бір подкаст жарық көріп отырады. Тақырыптарға келсек, осы күнге дейін стартаптың бизнес-моделі, медиабизнес, маркетиң, бизнесті цифрландыру, стартапшылардың жиі жіберетін қателіктері және т.б. Каналдың ашылғанына бір жылдан асты. Подкастардың ұзақтығы – 1 сағатқа жуық.
Анатомия стартапа. Бизнес, стартап, IT-технологиялар туралы жазатын ER10 интернет-басылымының подкасты. Қазақстандық ақпарат кеңістігін IT жайлы сапалы контентпен толтыруды мақсат ететін команда. «Анатомия стартапа» подкастын ER10 Media CEO-сы Эльнора Розмут жүргізеді. Кейінгі шығарылымда HR-кеңесші Арман Шоқпаровпен мықты деген бағдарламалаушының табысы қанша болатыны туралы сөз қозғалған. Алғашқы шығарылымы бір жыл бұрын жүктелген. Ұзақтығы – 1 сағат шамасында.
Hub Talks. Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің ресми каналында жарық көреді. Youtube-арнадағы контент екі тілде ұсынылады. Подкаст жобаның асталғанына екі айдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде 5 шығарылым жүктелген. Әзірге барлығы орысша. Студияда талқыланған тақырыптарға шолу жасап көрейік. Қазақстанға Ресей мен Беларусьтен көшіп келген мамандар өмірі, ірі корпорациялардың стартаптармен қалай жұмыс істейтіні, No code бағдарламалаушылар қанша және қалай табыс табады, венчурлық инвесторлардың көзқарасы және т.б. бір сағатқа жуық уақытқа созылатын сұхбатты тақырыпқа қарай Astana Hub қызметкерлері жүргізеді.