Жаңалықтар

Еуро валютасын қолданатын 20 елде инфляция 5,5%-ға дейін төмендеді

Фото: kursiv.media

Маусым айында еуро валютасы қолданылатын 20 елде инфляция 5,5%-ға дейін төмендеді. Бұл жайлы Еuronews жазды.

Инфляция төмендегенімен, бұл жағдай пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне кедергі болмайды.

Өткен жылдың қазан айында Еуропадағы жылдық инфляция рекордтық 10,6%-ға көтерілген. Ал қазір бұл көрсеткіш екі есе төмендеп, экономикалық жағдай қалпына келе бастады. Дей тұрғанмен, азық-түлік бағасының өсімі 11,7% деңгейінде әлі жоғары болып тұр. Азық-түлік бағасының өсуіне электр энергиясы мен жұмыс күшінің қымбаттауы себеп болған. Сонымен бірге Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты дағдарыс өз әсерін тигізді.

Сонымен қатар, ЕуроОдақ елдердің реттеушілері инфляция 2 пайыздық деңгейге жеткенше негізгі мөлшерлемелерді көтеруді жалғастыра беретіндерін айтқан. Сарапшылар мұндай қадамды экономиканы дамытудың қажетті шарты деп бағалайды.

Еуропалық статистикалық кеңсенің мәліметінше, еуроаймақтағы жұмыссыздық мамыр айында 6,5% деңгейінде тұрақты болып қалғанын және бұл көрсеткіш ең төменгі рекордтық деңгей екенін атап өтті.

Ал Франциядағы жұмыссыздық деңгейі сәуір айынан бері өзгеріссіз. Бұл елдегі көрсеткіш 7%-ға жетсе, Германияда 2,9%-ға дейін көтерілген.

ЕуроОдақ бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіштері Чехия мен Польшада тіркелген. Бірінде 2,4 пайыз болса, екіншісінде 2,7 пайыз.

Ең үлкен көрсеткіштер 12,7 пайызбен Испанияда және 10,8 пайызбен Грецияда тіркелген.

Инфляция Қазақстанда да төмендеп келеді. Соңғы бір жарым жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық индексінің төмендеуі тіркелді. Апталық төмендеу көрсеткіші -0,1%, ал бір айдағы көрсеткіш -0% құраған.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банктің ақша-несие саясатының трансмиссиялық ммеханизміне шолу жасап, базалық мөлшерлеменің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім көрсеткенін мәлімдеді.