Жаңалықтар

МАЭК-тегі апат диверсия болуы мүмкін бе?

Работа линии электропередачи Экибастуз-Агадырь восстановлена

МАЭК-тегі апат Қазақстандағы мұнай өндірісінің 252 600 тоннадан 218 900 тоннаға дейін төмендеуіне алып келді. Бір күнде мұнай көлемі 13 пайызға қысқарған.

Апат неден болды?

Бұл апат қаражат жетіспеушілігінің салдары болуы мүмкін немесе Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне жасалған диверсия болуы да ғажап емес. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Министр МАЭК-тің апатты жағдайда екенін білгенін айтты.

«Энергетика министрлігі KPMG тәуелсіз компаниясын шақырып, барлық жылу және электр жүйелерінің жұмысына талдау жасатты. Оның ішінде Маңғыстау энерго комбинаты да бар. Тексеру барысында барлық негізгі деген проблемалар анықталды. Яғни, біз МАЭК-тегі жағдайдың қиын екенін білдік», деді Сәтқалиев.

Стнацияның апатты жағдайда екенін облыс әкімшілігі де білген. МАЭК-ті жөндеуге әкімшілік 4,9 млрд теңге қаражат сұраған. Министр сейсенбі күнгі үкіметтің шұғыл жиналысында Үкімет басшысының 3,1 млрд теңге бөлуге шешім қабылдағанын айтты.

Министр бұл апатты кәсіпорынды ұзақ уақыт қаржыландырмаудың салдары деп бағалады.

Қор қанша күнге жетеді?

Министр АИ-95 қоры 15 күнге, дизель отыны 29 күнге жететінін мәлімдеді. Дегенмен, кейбір адамдар бұл жағдайды пайдаланып спекуляциялық әрекеттерге баруы мүмкін. Министр мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін жасырмады.

«Жалпы, кез-келген отын тапшылығы туындаған сәтте қолдан жасалған спекуляциялық әрекеттер де болуы мүмкін. Біз мұның алдын алу үшін барлық жекеменшік жанармай құю станцияларының иелерімен жиналыс өткізіп, бағалардың қадағалануын қамтамасыз етеміз. Бұл мәселе үнемі министрлік қадағлауында болады. Арнайы комиссия жұмыс істейді. сол себепті біз бұл мәселені шеше аламыз және отын бағасы қымбататтамайды деп ойлаймын», деді министр.

Әйтсе де, министр АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығына байланысты бағалардың өсуі мүмкін екенін айтады. Өйткені Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты дәл осы маркалы бензинді шығаруды тоқтатты. Сонымен бірге Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтаған. Кешелі бері Атырау мұнай өңдеу зауытының да жұмысы бәсеңдеді. Осы жағдайларға байланысты Энергетика министрлігі бұл өнімді Ресейден тасымалдайтынын айтты.

«Нарық қажеттліктерін тек Ресейден импорттау арқылы ғана жаба аламыз. Көрші елмен келіссіөздер жүргізіліп жатыр. «Газпромнефть» Аи-95 маркалы бензинді елімізге импорттай бастады», деді министр.

Бұл апат қолдан жасалған диверсия болуы мүмкін бе?

Кешегі жағдайдан соң Қазақстынның үш бірдей мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтады немесе бәсеңдеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтаған кезде  «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтінін, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратынын мәлімдеді.

«Шымкент зауытында тиісті көлемде өндірілмеген АИ-95 маркалы бензинді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығарады. Жөндеу жұмыстары барысында АИ-92 бензинінің өндірісі тәулігіне 2,5 мың тонна көлемінде сақталады. Зауыттың жұмысын толық тоқтату жоспарда жоқ. Дизель және әуе отыны Шымкент МӨЗ-де жинақталған қор есебінен жөнелтіле береді», деп хабарлады баспасөз қызметі.

Алайда кешегі МАЭК-тегі апат бұл жоспарды бұзды. АМӨЗ жұмысы ішінара тоқтады. Солайша Қазақстанның барлық мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдай күрделене түсті.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың мәліметінше, «МАЭК» энергия блогының апаттық жағдайда тоқтауы «ҚазМұнайгаздың» бірқатар кәсіпорындарының ішінара немесе толық тоқтауына алып келген.

Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқтаған. «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша – 2400-ден астам ұңғыма, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма жұмысы тоқтап қалған.

Осылардың барлығын ескере келе, Қазақстанның бүкіл энергетикалық инфрақұрылымына қауіп төнді деуге толық негіз бар секілді. Журналистер бұл мәселені министрдің алдында көтеріп, апатты «бүкіл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне ескі Қазақстан өкілдері тарапынан жасалған қастандық, диверсия деуге бола ма?» деп сұрады.

«Мемлекет басшысының бұйрығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оған энерго бақылау органдарының мүшелері кіреді. Оны менің орынбасарым басқарады. Комиссия құрамына Бас прокуратурадан адамдар және ьасқа да жауапты органдардың қызметкерлері кіретін болады. Комиссияның шешімін барлық жағдай анықталған соң хабарлайтын боламыз» деп жауап берді министр.