Жаңалықтар

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 13 шілдеден бастап толық іске қосылады

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытына келіп, жанар-жағармай материалдарын өндіру және жөнелту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі.

Зауытта тәулігіне 3500-5000 тонна автобензин, 2 500 тонна дизель отынын, 1 000 тонна авиаотын, 600 тоннаға дейін сұйытылған газ жөнелтіліп жатыр. Мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы мен мұнайды терең өңдеу кешені тәулігіне 10 500 тонна жүктемесімен жұмыс істеп тұр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда зауытта 22 000 тонна бензин, 30 800 тонна дизель отыны, 5 800 тонна авиакеросин, 11 600 тонна мазут бар.

«ПҚОП» ЖШС президенті Ерболат Қожабаев 22 000 тонна автобензин қорымен қоса, зауыттың тәулігіне 2000-2500 тонна бензин өндіретінін айтты. Солайша зауыт жөндеу жұмыстары жүретін 11 күн ішінде тәулігіне 4000-4500 тонна автобензин жөнелте алады.

«Зауыт қалыпты жұмыс кезінде орта есеппен тәулігіне 5000 тонна автобензин жөнелтіп тұрды. Қазіргі жөндеу жұмыстарына қарамастан, бұл көлем айтарлықтай өзгеріссіз қалды, жұмыс қалыпты жүріп жатыр деуге болады. Мәселен, бүгін кәсіпорыннан 7 000 тонна бензин жөнелтілді», деді ол.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты мамандарының айтуынша, катализаторды іске қосу және жылу алмастырғышты жөндеу жұмыстары 11 шілдеде аяқталады. Ал, зауыт қалыпты технологиялық жұмыс режиміне 13 шілдеде шыға бастайды.

«Атырау мұнай өңдеу зауытында болдым. Жағдай бақылауға алынды. Зауыт қондырғылары технологиялық режимге біртіндеп қосылуда. 6 шілдеге қарай зауыт толығымен қалыпты режимге шығады деп жоспарланып отыр. Мұнай өнімдері барлық мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтіліп жатыр. Еліміз бойынша АИ-92 мен дизель отының жеткілікті қоры бар, сондықтан Атырау зауытының қысқа уақытқа тоқтауы және Шымкент зауытындағы ішінара жөндеу жұмыстары ішкі нарыққа кері әсерін тигізбейді», деді Мағзұм Мырзағалиев.

ҚМГ басшысы бұған дейін Атыру мұнай өңдеу зауытында болып, зауыт бір аптада мұнай өндірудің бұрынғы көлеміне жететінін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні Атыру мұнай өңдеу зауыты МАЭК-тегі апатқа байланысты тоқтап қалды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бір ай ішінде қалпына келетінін мәлімдеді.

МАЭК-тегі апат сонымен бірге Батыстағы бірнеше маңызды нысандардың жұмысының тоқтауына алып келген. Сейсенбі күні Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққанын айтты.