Жаңалықтар

Үкімет басшысы: елде жанар-жағар май тапшылығы болмайды, кінәлілер жауапқа тартылады

фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Әлихан Смайылов сейсенбі күнгі Үкімет отырысында елде жанар-жағар май тапшылығы болмайды деп мәлімдеді.

Атырау мұнай өңдеу зауытында болған жағдайға қатысты пікір білдірген ол қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді деп мәлімдеді. Ал, барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер «шындыққа жанаспайды».

«Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде. Бұл аймақтардың энергия жүйесі Батыс энергетикалық торабымен біріктірілген. Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіруде», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Ал, Атырау МӨЗ-де болған апатқа «кінәлілер жауапқа тартылады».

Қазіргі таңда барлық кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету керек екеніне назар аударған Үкімет басшысы, облыс басшылығына бірқатар міндет қойды.

«Маңғыстау облысының әкімдігі энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Энергетика министрлігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі керек. Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюы қажет», деді Әлихан Смайылов

Дүйсенбі, 3-шілде күні Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуатының үзілуіне байланысты, зауыт апатты жағдайда жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Қауіпсіздік шараларын сақтау үшін, өндірістік мұнай мен газ факельге жіберілген болатын. Осылайша, АМӨЗ уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Бұл мәселеге дүйсенбі күні Президент Тоқаев та назар аударды. Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы апаттардан кейін туындаған жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

«Президент апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады. Үкіметке аталған кәсіпорындарды қысқа мерзімде жұмыс жағдайына келтіру туралы тапсырма берілді», делінген хабарламада.

21 маусым күні Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Өткен сенбі, 1-маусым күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтіні, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратыны айтылды.  

Энергетика министрлігі Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытындағы жағдайға қарамастан жанар-жағармайдың жеткілікті қоры бар екенін хабарлады.

Айта кету керек, 3 сәуір күні де Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында да төтенше жағдай болды. Атырау МӨЗ ЖШС технологиялық режимнің бұзылуы, атап айтқанда жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу фактісі тіркелгені хабарланған болатын.

«Аталған оқиғамен қатар сағат 10:40 және 11:10-да АО «KEGOK» тарапынан электр энергиясы кернеуінің төмендетілуіне байланысты ароматты көмірсутектерді өндіру және гидрогенизациялық процестер өндірісі технологиялық қондырғыларындағы динамикалық жабдықтардың бір бөлігі тоқтатылып, қайта іске қосылды», делінген болатын хабарламада.