Фото: kursiv.media
Басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 15 тәулікке қамалды.
«Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тарту – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы Б.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сот қаулысымен қатардағы жауынгер Б., ӘҚБтК-нің 652-бабының 6-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», делінген Facebook-тағы «Алматы соттары» парақшасында.
Сотта 2023 жылдың 2 шілдесі күні әскери бөлімнің жауынгері қатардағы жауынгер Б. Алматы гарнизонының гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына бағынбай, бөлім командирінің бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, әскери полиция басқармасының ғимаратына келген көлікпен белгісіз бағытта кетіп қалғаны белгілі болды. Сот отырысында азамат Б. іс материалдарында көрсетілген фактілерді растаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 2 шілдесінде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери бөлім орналасқан жерге қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен болатын.
Ал 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгердің орналасқан жері анықталды.