Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» МАЭК-тегі апаттан кейін мұнай айдау көлемін қайта қалпына келтірді

Фото: kursiv.media

«ҚазТрансОйл» МАЭК-тегі апаттан кейін өз жұмысын қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Қуат беруші ұйымның электр энергиясын беруін тұрақтандырудан кейін «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау және Маңғыстау облыстарындағы электр қуатының өшуіне байланысты уақытша тоқтатылған мұнай айдау станцияларының жұмысы толық қалпына келтірілді», делінген хабарламада.

Баспасөз орталығының мәліметінше қазіргі таңда «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы мұнайды тасымалдау белгіленген технологиялық режимдерде жүзеге асырылып жатыр.

«ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен мұнай беру кестесіне сәйкес мұнайды толық көлемде тасымалдаудың техникалық мүмкіндігінің бар екенін растайды. Дегенмен, мұнай тасымалдаудың нақты көлемі мұнай компанияларының жолдайтын өтінімдеріне байланысты», деп хабарлайды компания.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 3 шілдесінде «МАЭК» ЖШС жылу электр орталығының №1 энергоблогының апатты түрде сөнуі салдарынан еліміздің батыс өңіріндегі Маңғыстау және Атырау электр торабының тұтынушыларын электрмен жабдықтау жұмысы шектелген еді. Жүйелі апаттардың салдарынан «ҚазТрансОйл» АҚ-тың тоғыз мұнай айдау станцияларының жұмысы жоспардан тыс тоқтап, он екі мұнай айдау станциясының жұмысына уақытша шектеулер енгізілген.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы «МАЭК» энергия блогының апаттық жағдайда тоқтауы салдарынан «ҚазМұнайгаздың» бірқатар кәсіпорындарының ішінара немесе толық тоқтағанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқтаған. «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша – 2400-ден астам ұңғыма, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма жұмысы тоқтап қалған болатын. «Магистральды су құбыры» желісі бойынша 3 су сорғы станциясында су айдау тоқтаса, Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 30 жерастына су айдау сораптары істен шықты.