ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді уақытша тіркеу қашан басталатынын айтты.
Оның сөзінше, бұл процедура мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 17 шілдеден басталады. ЕАЭО елдерінен келген, елімізде тіркеуге қойылмаған көліктерге бір айға дейін мүмкіндік беріледі.
«Ішкі істер министрлігі бұл жұмысты биыл 17 шілдеден бастауды жоспарлап отыр. Қазір автокөліктерді уақытша тіркеудің тиісті қызметі пысықталып жатыр. 17-сінен бастап бұл қызмет біз үшін қызу жұмыс істейді. Көлік жүргізушілері бүгін тіркей алмаса, осы күннен бастап көліктерін уақытша тіркеуге қоюы керек. Қазақстанның барлық аймақтарындағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркей алады. Бір ай бойы оларға ешқандай шара қолданбаймыз. Көлік иелеріне автомобилін тыныштықпен тіркеп, уақытша тіркеуге қоюға мүмкіндік бар», – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Жалпы, басқа елдерде бұрын тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған автомобильдерді 5 жыл мерзімге уақытша есепке қоюға мүмкіндік беріледі. Уақытша есепке қою кезінде Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері беріліп, 15 мың теңгеге жуық мөлшерде алым төленеді.
«Шетел автокөліктерінің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік белгілері Мемлекеттік корпорацияға сақтауға тапсырылады. Ал азаматтар аталған автокөліктерді елден тыс жерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстанның тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсырып, шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін қайтарып алады», – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Егер Қазақстан азаматтары осы автокөліктерді елімізде бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оны бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады. Оған утилизациялық алым төленбейді.
Жалпы, 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруға өтінімдер қабылданды. Нәтижесінде есепке 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік пен 14 мыңнан астам «автоконструктор» қойылған.
Өтінімді уақытылы берген, бірақ автокөліктерін заңдастырып үлгермеген Қазақстан азаматтарына белгіленген мерзімнен кейін заңдастыруға мүмкіндік берілді. Комитет өкілінің айтуынша, 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік қазақстандық есепке қойылған. Заңдастырылған автокөліктердің басым көпшілігі Кеден одағының құрамындағы – Ресей, Армения, Қырғызстан елдеріне тиесілі.
«Облыстар бойынша автокөліктердің ең көп саны Алматы қаласында – 21 115 бірлік, Ақтөбе облысында – 20 876, Шымкент қаласында – 15 145, Батыс Қазақстан – 14 204, Атырауда – 14 197, Қызылорда облысында – 13 695 тіркелді», дейді комитет басшысы.
Комитет өкілі сонымен бірге 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайтынын айтты. Бұдан былай ел аумағында шетелдік автокөліктерді заңсыз әкелу мен пайдаланудың жолдарын болдырмау үшін шаралар қабылданған.
«Мәселен, ағымдағы жылдың 12 қаңтарынан бастап заңнамалық өзгерістерге сәйкес Қазақстан азаматтары шетелдік автокөліктеріне автосақтандыру шартын жасай алмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес міндетті сақтандырусыз автокөлік басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ аталған жағдайларда полиция қызметкерлері автокөліктерді ұстап, оларды арнайы автотұрақтарға жеткізуге құқылы», дейді ведомство өкілі.
30 маусым күні Тоқаев ІІМ алқа мәжілісінде Қазақстан жолдарында тіркеусіз жүрген көліктерді заңдастыруда қылмыстық схемалар орын алып жатқанын айтты. Президент құқық қорғау органдарына осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуды тапсырды.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығы 1 шілде күні шетелдік автомобильдерді заңдастыру науқаны аяқталатынын мәлімдеді.
Елімізде конструктор көліктерді заңдастыру 22 мамырда басталды.