Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке лайықты көлемде дивиденд төлеп отыр ма?

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Президент осыдан бірер жыл бұрын елдегі ұлттық компанияларды таза пайдасының жартысын мемлекетке дивиденд ретінде беруге міндеттеген болатын. 13 шілде күні «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов брифинг өткізді. Соны пайдаланып, сауалымызды қойған едік. Бірақ оған дейін алдымен қордың қаржылық ахуалымен аз-кем таныстырып өтелік.

Биыл маусымның соңында «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева 2022 жылдың қорытындысы бойынша қордың 1,9 трлн теңге таза табыс тапқанын мәлімдеді.

«2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы пандемия салдарын өткеріп, орнықты өсімді қалпына келтірді. Бұған компаниялардың маңызды өндірістік көрсеткіштерінің жақсаруы әсер етті. Бұл қордың қаржылық жағдайына позитивті ықпал етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорға 14 785 млрд теңге табыс түсті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 26 пайызға жоғары. Таза кіріс рекордты деңгейге жетті – 1 922 млрд теңге. Бір жыл бұрынғыдан 18 пайызға көп», деген еді қор өкілі.

Оның айтуынша, былтыр қор портфелді компаниялардан 493 млрд теңге дивиденд алған.

«Бұл бір жыл бұрынғы дивиденд көлемінен екі есе көп, соның арқасында жалғыз акционер – Қазақстан үкіметіне төлейтін төлеміміз де 302 млрд теңгеге артты. 2023 жылы қор жалғыз акционерге төлейтін төлем көлемін ұлғайтуды ойластырып отыр. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына және Ұлттық қорға активтердіжекешелендіруден  түскен 481 млрд теңге көлеміндегі соманы бөлуді жоспарлауда», деп түсіндірді басқарушы директор.

Байқап отырғанымыздай, қор төлеген дивиденд көлемі таза пайдасының жартысына да жетпейді. Мұны біз ғана емес, Жоғарғы аудиторлық палата да байқапты. Палата басшысы Наталья Годунованың айтуынша, 2022 жылы ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке төленуге тиіс 70 пайыз көлеміндегі дивидендтің орнына небәрі 10 пайыз құйған.

«2020 жылы наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ұлттық компанияларға жылына табысының 100 пайызына дейін төлем беріп отыруды тапсырды. Бұл тапсырма дағдарысқа қарсы шаралар пакеті аясында қолға алынды. Кейін меже 70 пайызға дейін төмен түсірілді. 2022 жылы «Самұрық-Қазына» 2021 жыл үшін 170 млрд теңге дивиденд төледі, бұл таза табыстың 10 пайызы», деді Годунова.

Түсуі тиіс 70 пайыздың орнына мемлекет қазынасына 10 пайыздан аз-маз асарлық қаражат түскенін мәжіліс депутаты Азат Перуашев та растайды.

«Самұрық-Қазына» қоры былтыр 1 триллион 600 миллиард теңге тапқан кірістен, бюджетке 170-ақ миллиард теңге, яғни 10 пайыз ғана дивиденд төледі. Түсінесіздер ме? Мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөлсе, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр. Қалған триллиондарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, парламентке көрсетпей жұмсауда. Ал, сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда? Жоғарыда айтқанымды ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды және де соған қарсы дауыс береді», деген еді депутат.

Қор төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың арнайы құқығы бар және сол құқыққа сәйкес жұмыс істеп жатырмыз дейді.

«Біздің таза табысымыз 1,9 трлн теңге болды, алайда Халықаралық қаржылық есептілік стандартына сәйкес, таза табыс екіге бөлінеді. Біріншісі – есептеу әдісі, екіншісі – нақты қаржы. Менің пікірімше, таза ақша ағынынан дивиденд төленуі керек. Себебі, бұл таза табыс нақты ақша позициясын бермей жатыр. Бірақ осы жылы біз 145 млрд теңге дивиденд төлейміз, тағы 66 млрд теңгені «Қазақстан халқына» қорына аударамыз және 300 млрд теңгеден астам соманы тағы үлестіреміз. Олар – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі медициналық орталық, мектептер, тағы басқа әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Жалпы, осы жылы біз 500 млрд теңгеден астам қаржыны мемлекетке береміз. Бұл біздегі нақты корпоративті таза табыстың 50 пайыздан астамы», деп түсіндірді Нұрлан Жақыпов.

Әрине, қор басшысының 500 млрд теңге деп барлық төлемдерді қоса есептеп отырғаны түсінікті.

«Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдарға қарасты компаниялар таза табысының 70 пайызын мемлекетке төлеуі тиіс. Алайда біз мемлекеттік органға қарасты емеспіз. Біз үкіметтің қоластындағы мекемеміз. Сондықтан аталған бұйрықтың бізге қатысы жоқ. Бізде нақты ұлттық-әлеуметтік құқық бар, сол құқыққа сәйкес жұмыс атқарып жатырмыз және дивидендтік саясатты сол құқыққа сәйкес жүзеге асырып жүрміз» деп жауап берді Жақыпов.

Ең қызығы жақында Үкімет қаулысы жария болды, онда «Самұрық-Қазынан» мемлекетке дивиденд төлеуден босату туралы анық меңзелген.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, акцияларының жүз пайызы республикалық меншікте болатын ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер 2023 және одан кейінгі жылдардың қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен еншілес ұйымдардан алынатын дивидендтердің (табыстың) 50 (елу) пайызы мөлшерінде таза кіріс дивидендтерін төлеуге жіберу үшін шаралар қабылдасын». Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс», делінген қаулы мәтінінде.

Бұл құжат 25 шілдеге дейін қоғам талқысында болады.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» құрылымына елдегі ең ірі компаниялар кіреді, олар – «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром», «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазТрансОйл», «KEGOC», «Air Astana», «QazaqGaz» және басқалар.

Сондай-ақ оқыңыз