Алматы облыстық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Күдебаев кінәсін толық мойындап, жазасын айыппұлмен өтеуді сұрап отыр.
Алматы облысындағы Кеген аудандық сотында экс-генерал Серік Күдебаевтың шекараны заңсыз кесіп өтуіне қатысты сот жүріп жатыр.
Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысына қасақана шекараны кесіп өтті деген айып тағылып отыр. Оған 3,5 млн теңге айыппұл салынып, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Күдебаев прцессуалды келісім қорытындысы туралы өтінішхат жіберген.
18 шілде күні өткен сот отырысына ол келмеді, онлайн қосылды. Сот отырысында ол заңбұзуға барғанын ашық айтты.
«Мен өз кінәмді мойындаймын, егер мүмкін болса маған айыппұл тағайындауды сұраймын», деді Күдебаев.
Оның қорғаушысы соттан Күдебаевтың кінәні толық мойындағанын ескеріп, 500 АЕК көлемінде (1,7 млн теңге) айыппұл тағайындауды сұрады. Курсив тілшісінің дерегінше, сот кеңесу бөлмесіне шығып кетті.
Естеріңізге саламыз, Қаңтар оқиғасынан Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптады деген айып тағылған еді. Сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуі тиіс еді.
Айта кету керек, процесс барысында Күдебаев бірнеше рет сот отырысына келмей, соңында шетелге қашып кеткендіктен, қылмыстық іс тоқтатылып, оған халықаралық іздеу жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов ол елден тау арасымен қашып кеткен болуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын.
Кейін Қырғызстанның әскери прокуратурасы қазақ генералы Серік Күдебаевты шекарадан заңсыз өткізу ісін тергеп, шекараны заңсыз кесуге көмектескен 4 азаматты қамауға алды. Оларға Қырғызстанда айыппұл тағайындалған еді.
1-шілде күні Алматы облысының сотында Серік Күдебаевтың апелляциялық шағымы қаралып, бірінші инстанциядағы судья шығарған үкім өзгеріссіз қалған болатын.