Жаңалықтар

«KEGOC» МАЭК-тегі апаттың нақты себебін атады

Фото: kursiv.media

Қазақстанның электр желілері операторы «KEGOC» шілде айының басында Маңғыстау атом электр станциясының апатты тоқтау себебін атады. Компанияның «Курсивке» берген жауабында жабдықтың тозуы төтенше жағдайға әкелгені туралы айтылады.

Дегенмен «KEGOC» АҚ-ның релейлік қорғанысы мен авариялық автоматикасының қалыпты жұмыс істегенінің арқасында Маңғыстау және Атырау энергетикалық орталықтары толық тоқтап қалмаған.

«KEGOC қызметкерлерінің келісілген іс-әрекеті қысқа мерзімде қалыпты жұмыс схемасын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бір сағаттан аз уақыт ішінде Атырау энергетикалық орталығы Қазақстанның БЭЖ Батыс аймағымен, сәл кейінірек Маңғыстаумен синхрондалды», делінген хабарламада.

Бұл апат жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және реконструкциялау қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ апат салдарынан өндірісті тоқтатқан Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электрмен жабдықтауды күшейту маңыздылығын көрсетті.

Желілік оператордың батыс энергетикалық аймақтағы электр желісін нығайту жөніндегі жобасының жүзеге асырылуын «KEGOC» АҚ-ның негізгі иесі – «Самұрық-Қазына» қоры бақылайды. Ол ұзындығы шамамен 770 км болатын 220 кВ әуе желісін салуды және қолданыстағы 220 кВ қосалқы станцияларды кеңейтуді көздейді. Сонымен бірге бірдей қуаттылықтағы бір таратушысы бар қосалқы станцияны салынады. Бұл өз кезегінде Орал-Атырау учаскесінде транзиттік өткізу қабілетін екі есеге, Атырау-Маңғыстау учаскесінде транзиттік өткізу қабілетін төрт есеге арттырады деп күтілуде.

МАЭК-тегі апат 3 шілде күні кешке болған. Зауыт қондырғысының апатты түрде тоқтап қалуы салдарынан Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушылары бірнеше сағат бойы жарық пен сусыз қалды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру де тоқтап қалды. ҚМГ өндірістің тоқтауы салдарынан шығынға ұшырағанын мәлімдеді, алайда оның нақты көлемі әлі аталмады.

KEGOC әзірге Батыс аймақта салынып жатқан 220 кВ транзиттің екі учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтады.

Үкімет МАЭК-ті жөндеуге 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген болатын.