Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоры есебінен Түркістан облысында 100-ге тарта ауылға спорт нысандары салынуы мүмкін

Фото: kursiv.media

Түркістан облысында 96 елдімекенге спорт нысандары «Қазақстан халқыны» қоғамдық қоры қаражатына салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Үкімет отырысында айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысы әкімінен «облыста спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі бар болғаны 31%, ал республика бойынша орташа – 50%. Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» деп сұрады.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста бірнеше спорт нысаны салынды. Халықаралық теннис орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Мұз сарайының құрылысы жүріп жатыр, нысанды тамызда пайдалануға беру жоспарланған. (…) «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 елдімекенде дене шынықтыру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ішінде 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында спорт нысаны аса қажет 96 елдімекен бар. Бұл елдімекендерге модульді спорт нысанын салуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ақтөбе облыс әкімі Ералы Тоғжановтан «облысына бұқаралық спорт іс-шараларын өткізуге биыл небәрі 42 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаншалықты жеткілікті?», деп сұрады.

«Бұқаралық спортты дамытуға 42 млн теңге бөлінді деп көрсетілген, бірақ ол жетпейтіні белгілі. Сол себепті қосымша 166 млн теңге бөлінген. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Ірі компаниялардың қатысуымен 50 млн теңгеден аса қаражатқа іс-шараларды өткіздік. Жалпы жастардың арасында мемлекеттік спорт тапсырыстары ұйымдастыруға 1,3 млрд теңге бөлінді. Былтырмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Былтыр 874 млн теңге ғана бөлінген», – деді Ақтөбе облысының әкімі Тоғжанов.

Айта кетейік, республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, биыл 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін жете жарақтандыру жөніндегі 6 жоба бойынша жұмыс жалғасады.