Жаңалықтар

Еліміздегі 170 балалар лагерінің жұмысы тексеріледі

Фото: kursiv.media

Еліміздегі 170 балалар лагерінің жұмысы тексеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«Еліміздегі лагерьдің 80%-ы шағын бизнес субъектісі. 2020 жылдан бастап шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілді. Осылайша, 2020 жылдан бастап лагерьлер жоспарлы түрде тексерілмеді. Олар тек жоспардан тыс тексеріледі, яғни адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төну дерегі нақты тіркелсе ғана тексеріледі. Тек осындай жағдайда прокуратура жоспардан тыс тексеруге жүргізуге рұқсат береді», – дейді Айжан Есмағамбетова.

Алайда әлеуметтік желіде лагерьге қатысты түрді жазба тарағандықтан, прокуратура барлық лагерьді тексеруге бастамашы болған.

«Біздің өңірдегі департаменттер бұл тексеруге қатысып жатыр. 170 лагерь тексеріледі. Қазірге дейін оның 19-ында тексеру аяқталды. Қалғанында сауықтыру қызметін көрсетуге қатысты тексеріс жүріп жатыр», – деді вице-министр.

Тексеру прокуратурамен бірлесіп жүргізіледі. Нәтижесі бойынша әкімшілік жаза қолданылады.

Еске сала кетсек, 17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді. Мемлекет бюджетінен бұл лагерьдің қызметіне  107 812 500 теңге бөлінгені анықталды.

Бұдан кейін Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ал 20 шілде күні Бас прокуратура еліміздің барлық балалар лагерін тексеруді тапсырды. Сонымен бірге 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері де зерттеледі.