Алматы қалалық мәслихаты коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшерін белгіледі, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қағида Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке тарифтердің өсуіне байланысты әзірленген.
»Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын 315 430 азамат тұрады, оның ішінде: жасы бойынша 237 740 зейнеткер, 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы, мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы, ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам бар», делінген баспасөз хабарламасында.
Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы ХӘОТ өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома сумен жабдықтау, су бұру, газ, жылыту және т.б. қосқанда, 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі.
ХӘОТ санатына жататын тұлғаларға өтемақы ресімдеу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне немесе әлеуметтік қызметтер үйіне өтініш беруі қажет. Ал мүгедектігі бар адамдар бұл өтінішті «Е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
Өтініш қаралып, оң шешім қабылданған соң, төлемдер өтініш берушілердің екінші деңгейлі банктердегі шотына түседі.