Freedom Holding Corp (FRHC) акцияларына бірнеше күннен бері шабуыл жасалып жатыр. Hindenburg Research пен оның кеңесін тыңдап қысқа позиция ашқандардың шорт-сквизге ұшырау қаупі бар. Бұған Kursiv Research сарапшыларының деректері дәлел.
Шорт-сквиз – қор нарығындағы жағдай. Мұндайда өздерінің шорт-позицияларын жабатын сатушылар көбейіп, акция сатып алушылардың баға ұсыныстарын арттыруға мәжбүрлеп, нәтижесінде акция бағасы күрт көтеріледі. Мұндай сұраныс пен бағаның компания туралы жағымды жаңалықтарға байланысты өсуі мүмкін немесе оған күшті негіздер немесе басқарушының хабарландырулары әсер етуі мүмкін. Болмаса бұған қарызға алуға болатын бағалы қағаздардың жетіспеушілігі де өз әсерін тигізуі ықтимал.
Шорт-сквиз қысқа мерзімді жоғары құбылмалылықты тудыра отырып, компанияның акцияларында ұзақ позициялары бар ойыншыларға пайда әкеле алады. Өз кезегінде дүрбелең туғыза алмаған және бағаның күрт құлдырауына қол жеткізе алмаған ойыншылар үлкен шығынға ұшырап, құнды қағаздарды әлдеқайда жоғары бағамен сатып алуы мүмкін. Қазігі уақытта мұндай «шортшылардың» бұл ықтимал шығындарын бағалау қиын. Жағдай позициялар жабылған кезде белгілі болады. Сарапшылардың пікірінше, соңғы күндері FRHC акцияларының жалпы жетіспеушілігі шамамен 100 миллион долларды құрауы мүмкін.
Еске салайық, 15 тамызда FRHC акцияларына АҚШ-тың Hindenburg Research қор нарығының «аюлары» шабуыл жасаған болатын. Қазақтандық компанияның бағалы қағаздары алғаш рет әлемнің түкпір-түкпіріндегі алыпсатарлардың назарына ілініп, шабуылға ұшырады.
Бұл акцияларға неліктен коммерциялық шабуыл жасалып жатыр?
Сала сарапшыларының пікірінше, Hindenburg тергеуінің артында прагматикалық мақсаттар бар. Яғни базбіреулер – FRHC акцияларының құлдырауынан пайда тапқысы келеді. Kursiv Research сарапшылары корпоративтік қатынастарға маманданған америкалық заңгерлер тобына Hindenburg материалдарын талдауға тапсырыс берді. Атап айтқанда, бізді Hindenburg баяндамасының авторлары қолданатын құралдар, сондай-ақ ұсынылған дәлелдердің дәйектілігі, басқаша айтқанда, олардың мәлімдемелерінің фактчекингі қызықтырды.
Материалдарды толық талдау әлі аяқталған жоқ, бірақ адвокаттардың алдын ала қорытындысы мынадай: Hindenburg баяндамасы – алыпсатарлардың баяндамасы және FRHC беделіне нұқсан келтіру үшін арнайы дайындалған.
Біріншіден, Kursiv Research сарапшыларының айтуынша, Hindenburg баяндамасында көтерілген негізгі тұжырымға сенсек, FRHC – KYC (Know Your Customer – өз клиентіңді біл) және AML (Anti-Money Laundering – ақшаны жылыстатуға қарсы процедуралар) санкциялары мен ережелерін «ашық мазақ етеді». Америкалық заңгерлердің айтуынша, бұл мәлімдеме жауапсыз әрі жалған. Өйткені есеп көбінесе компанияның аты аталмаған бұрынғы қызметкерлерінің мәлімдемелеріне негізделген, оларды сенімді деп санауға болмайды. Сонымен қатар есепте FRHC-тің өзі контекстінен алынған мәлімдемелер көп пайдаланылады. Бұған қоса, санкцияларды қолдану жүйесіне қатысты шағымдар Hindenburg-тің санкциялық режимдердің қалай жұмыс істейтінінен хабары жоқ екенін көрсетеді.
Мысалы, есепте FRHC «санкцияларды бұзғанын» «ашық мойындады» делінген. Бұл мәлімдеме контекстен «жұлып» алынған деуге болады. Атап айтқанда, FRHC компаниясының АҚШ Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясына (SEC) жіберген 10-K формасына сілтеме жасалады. Бұл форманың бір ерекшелігі – компания онда жарияланған деректерді сыртқы заңгерлермен бірге дайындайды, содан кейін ғана басшылықпен бекітіліп, сыртқы аудиторлар шындыққа сәйкестігін тексереді. Яғни компания деректерді ұсынады, ал жалданған үшінші тарап заңгерлері мен аудиторлар нақты жағдайға сәйкестігін тексереді. FRHC-ның 10-K формасын толтыруда Morgan Lewis заңгер ретінде әрекет етсе, SEC-ке FRHC есебін ұсынған аудитор – «үлкен төрттікке» кіретін Deloitte компаниясы болды.
SEC-ке ұсынылған есепте FRHC тобына жататын компаниялар АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның санкциялық тізімдеріне енгізілген клиенттерге брокерлік қызмет көрсеткені айтылады. Дегенмен, 10-K формасындағы келесі мәтін алдыңғы мәлімдемеден кейін келтіріледі:
«Бұл транзакциялар Америка Құрама Штаттарының, Еуропалық Одақтың немесе Ұлыбританияның юрисдикциясындағы ұйымдармен байланысты болған жоқ. Жалпы ережелерге сәйкес, мұндай операциялар, олардың жалпы көлемі компания кірісінің маңызды бөлігін құрамайтын болса, санкциялық шектеулерге жатпайды. 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша біздің тұтынушылардың осы жеке тұлғалар мен ұйымдар алдындағы міндеттемелері 17,8 миллион АҚШ долларын немесе сол күнгі жалпы клиенттердің міндеттемелерінің шамамен 0,92%-ын ғана құрады».
Курсив Research-ке сұхбат берген заңгерлердің айтуынша, бұл үзінді алдыңғы мәлімдеме контекстінде өте маңызды. Көптеген халықаралық бөлімшелері бар компания үшін кейбір бөлімшелердің санкциялық тізімге енгізілген жеке тұлғалармен немесе компаниялармен шектеулі іскерлік қарым-қатынас құруы қалыпты жағдай. Тұтастай алғанда, әлемдік капитал нарықтарында мұндай клиенттердің жалпы саны компанияның жалпы бизнесі контекстінде маңызды емес болса, бұл қалыпты жағдай ретінде қабылданады (FRHC жағдайында, бұл көрсеткіш 1%-дан аз). Ал Hindenburg баяндамасында бұл мәлімдеме – Freedom-ның «санкцияларды өрескел айналып өткенінің» негізгі дәлелі ретінде көрсетіледі. FRHC есебінде 2023 жылдың 31 наурызынан бастап Freedom мұндай тұтынушылармен жұмысты тоқтату мақсатында операциялар жүргізгені айтылады.
Екіншіден, есепте FRHC-те ақшаны жылыстатуға қарсы «өз тұтынушыңды біл» процедурасы жүргізілмейтіні айтылған. Бұл айыптауларды компания аты аталмаған «бұрынғы қызметкерге» сілтеме жасай отырып келтірген. Аты аталмаған бұрынғы қызметкер FRHC-тегі KYC және AML процедуралары туралы айтады.
«Ол жерде «өз тұтынушыңды біл» процедуралары жоқ. Ештеңе жоқ. Freedom «барлық елдердің» ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңдарын «бұзады»,-дейді «бұрынғы қызметкер».
Бұған қоса, бұрынғы қызметкер компанияның KYC және AML ережелерінен қашу үшін арнайы қолма-қол ақшаны пайдаланатынын айтқан.
Заңгерлердің айтуынша, аты-жөні аталмаған адамның бұл мәлімдемелері жалған және сенуге тұрарлық емес. Өйткені FRHC 24-беттегі өз есебінде ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және экономикалық санкцияларға қарсы күрес ережелерін қолданудың кең ауқымды процедураларын көрсеткен. Компанияның сауда платформасымен біріктірілген жүйе шеңберінде әртүрлі әлемдік деңгейдегі үшінші тарап деректер провайдерлерін (соның ішінде Sum and Substance Ltd.) пайдалана отырып, KYC, AML, CTF (терроризмді қаржыландырумен күрес) және санкциялар ережелерін мониторингілеуге арналған платформасымен жұмыс істеп, сонымен бірге санкциялар және тәуекелдердің бірқатар параметрлері бойынша жеке қаржылық операцияларды тексеру мәселелері бойынша клиенттерге күнделікті мониторинг жүргізіледі.
FRHC аудиторы – Deloitte of Big Four, жақында топтың толық аудитін аяқтап, аудиторлық қорытындысын жариялады. Онда аудитор AML/KYC Compliance процедураларына қатысты тексеріс жүргізіп, барлық құрылымдар мен байланысты тараптардың, соның ішінде FST Belize-дің шынымен де деректер процедураларын орындағанына көз жеткізген. Kursiv Research заңгерлері мен кеңесшілері FRHC тобындағы іскерлік тәжірибелер мен процедуралар жоғары стандартты және есепте келтірілген аты аталмаған тұлғалар айтқан айыптауларға толығымен қайшы келеді деген қорытындыға келді. Бір қызығы, «Hindenburg баяндамасында Deloitte-тың бірде-бір есебі келтірілмеген және барлық шағымдар аты аталмаған адамдардың мәлімдемелеріне негізделген», дейді Kursiv Research сұхбаттастары.
Үшіншіден, Hindenburg баяндамасында FRHC-ның Белиз бөлімі (FST Belize) Ресейге қарсы санкцияларды болдырмау үшін арнайы құрылғаны айтылған. Құжатта компанияның АҚШ-тың 2014 жылы Ресейге қарсы санкцияларынан кейін төрт ай өткен соң құрылғаны айтылып, оның мақсаты – санкциялардан қашу болды деп келтіреді. Алайда бұл мәлімдемеге ешқандай дәлел жоқ.
Шын мәнінде, есепте бұл шағымның жалған екенін көрсететін FRHC-ның 10-K формасында келтірілген негізгі ақпарат айтылмайды. Атап айтқанда, есепте Freedom аудиторы Deloitte компаниясының жақында топтың толық аудитін жүргізгені және барлық процедуралар аяқталғаннан кейін аудиторлық қорытынды шығарғаны, онда ешқандай олқылықтардың болмағаны туралы ақпарат мүлде жоқ. Deloitte аудиторлық қорытындысында, Freedom-ның 10-K формасының 89-бетінде FST Belize компаниясымен байланысты үшінші тарап транзакцияларына қатысты маңызды мәселелер қамтылған. Аудиттің осы маңызды мәселелерін айқындау үшін Deloitte, дұрыс шоғырландыру туралы шешім қабылдау үшін ақшаны жылыстатуға қарсы ережелерге қатысты аудит процедураларын, сондай-ақ компанияның балансы мен кіріс құрылымын тексерудің тереңдетілген процедураларын өткізген.
10-K формасында Deloitte былай дейді:
«Реттеушінің талаптарын сақтауға қатысты мамандарымыздың көмегімен біз:
- FST Belize жаңа клиенттерді тіркеу, ақшаны жылыстатуға қарсы ережелерді бақылау және жеке және заңды тұлғаларға қатысты санкцияларды сақтау үшін қолданатын процедуралардың басқа қаржы институттарындағы ұқсас тәжірибелерден айырмашылығы бар-жоғын анықтадық және бағаладық.
- Біз FST Belize-де жаңа тұтынушыларды тіркеу, ақшаны жылыстатуға қарсы және санкцияларды қолдану бойынша осы бақылаулардың тиімділігін, сондай-ақ Компанияның осылапға қалай мониторинг жасайтынын тексердік.
- Біз омнибус шоттары бойынша жеке және заңды тұлғалардың үлгісін жасадық және FST Belize алған жеке және заңды тұлғалар туралы ақпараттың сыртқы ақпарат көздеріне сәйкестігін бағаладық».
Kursiv Research сұхбаттасушыларының пікірінше, егер FST Belize-дің AML және KYC процедуралары халықаралық тәжірибеге сәйкес келмесе немесе тиімді болмаса, Deloitte мұндай аудит процедуралары жүргізілгеннен кейін біліктілігі жоқ аудиторлық есепті жарияламайтын еді.
Төртіншіден, есепте санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің көптеген бұрынғы клиенттері (жеке тұлғалары) мұндай банктер санкциялардың нысанасына айналғаннан кейін өз бизнесін FRHC-ге аударғаны айтылады. Баяндамада мұны Freedom-ның санкцияларды бұзғанының дәлелі ретінде келтірген. Бұл тұжырым олардың санкциялық режимдердің қалай жұмыс істейтіні туралы түсінігінің аз екенін көрсетеді.
Freedom өзі SEC-ке берген есебінде компанияның әлі де ресейлік клиенттері көп екенін ашық көрсеткен. Бұл адамдардың барлығы санкцияларға ұшырамаған және бүгінгі күнге дейін АҚШ, ЕО немесе Ұлыбритания санкциялары брокерлік компанияға Ресей азаматтарына қызмет көрсетуге тыйым салмаған. Бұл – Hindenburg баяндамасында айтылған мәліметтерге қайшы келеді. Freedom санкциялар салынған кез келген банкпен жұмыс жүргізгенде мысалы, Альфа-Банк пен Тинкофф Банкпен тікелей байланыста болған жағдайларда, мұндай байланыстар OFAC бас лицензиясы бойынша жүзеге асырылып, бұл банктермен жұмысты тоқтатуға бағытталып отырды. Клиенттік активтерді аудару бойынша барлық қызметтер тек OFAC бас лицензиясының әрекет ету мерзімі ішінде және санкцияларға ұшырамайтын клиенттерге ғана ұсынылды.
Hindenburg–тің нысанасына тағы қандай компаниялар ілікті?
Жалпы Hindenburg Research, бағалы қағаздардың нарықтық бағасының құлдырауынан пайда көретін «аю нарығының» өкілі екенін жасырған емес. Бұған дейін бұл құрылым Nasdaq-тың басқа мүшелеріне де шабуыл жасап, одан түрлі деңгейде табысқа жеткен еді. Олардың ішінде Singularity Future Technology, HF Foods, сондай-ақ үнді миллиардері Гаутам Адани мен тіпті Илон Масктың бизнесі де бар. Илон Маскқа Twitter-ді сатып алу мәмілесі кезінде шабуыл жасалған болатын.
Қаржы нарығындағы зерттеу позициясымен танымал Hindenburg Research компанияларға бірқатар даулы шабуылдар жасады. Өздерінің стратегиясының бір бөлігі ретінде олар қор нарықтарында қысқа позициялар жасайды, содан кейін компаниялардың беделін түсіруге және қорлауға бағытталған есептерді жариялайды. Бұл есептер алаяқтық, жалған қаржылық есеп беру және басқа да бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді қамтуы мүмкін.
Соңғы жылдары Hindenburg Research компаниясының әрекеттері әртүрлі көлемдегі және салалардағы 20-ға жуық компанияға әсер етті: автомобиль және фармацевтикалық компаниялар, сондай-ақ АҚШ, Қытай, Канада, Австралия және басқа елдердің жас стартаптары мен шағын кәсіпорындары олардың сынына ұшыраған. Ал енді Қазақстандық компанияға да шаубылдап жатыр. Hindenburg есептері инвесторлар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін, акциялардың күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін және тіпті ықтимал сот процестеріне дейін ұласып, құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Шамасы, қазақстандық тамыры бар американдық FRHC компаниясы шортисттердің мұндай жаппай соққысына бірінші болып төтеп бере алғанға ұқсайды – компанияның акциялары аздап құлдырағанымен әлі де $70 шамасында тұр.
Hindenburg Research-тің шабуылына ұшыраған кейбір компаниялар
Компания: Nikola Corporation (NKLA)
Өнеркәсіп саласы: автомобиль жасау
Шабуыл күні: 10.09.2020
Hindenburg сарапшылары коммерциялық электр жүк көліктерін шығаратын әлемдегі жетекші өндірушілердің біріне айналуға ниетті стартапты айыптады. Олар компанияның негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тревор Милтонды компанияның жағдайы туралы ақпаратты жүйелі түрде бұрмалап отырды деп айыптады.
Олар телефон жазбаларынан, мәтіндік хабарламалардан, электрондық пошталардан және фотосуреттерден жиналған деректерді, сондай-ақ есеп жарияланған кезде құны 20 миллиард долларға бағаланған компанияның қате есеп бергені туралы жағдаймен таныс адамдардың бірқатар айғақтарын келтіреді. Nikola-ның аккумулятордың революциялық шешімдерін әзірлеу туралы мәлімдемелерін нарық қатысушылары бос сөз деп санады, сондықтан компания қолданыстағы автокөлік өндірушілерінің арасынан технологиялық серіктес іздеді.
Бес күннен кейін Reuters агенттігі АҚШ-тың Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының (SEC) Hindenburg материалдарының нәтижелеріне сүйеніп тергеу бастағанын жазды. Ал 20 қыркүйекте Милтон отставкаға кеттті. 2021 жылдың желтоқсанында SEC Nikola-ның өз өнімдері, технологиялық жетістіктері және компанияның коммерциялық болашағы туралы инвесторларды жаңылыстырғаны үшін тағылған айыптарға салынған 125 миллион доллар көлеміндегі айыппұлды төлеуге келіскенін хабарлады.
Шабуыл болған күні Никола 11% жоғалтты, бір айдан кейінгі динамика да теріс болды: -36%. Келесі үш жыл ішінде компания бағасының төмендеуін жалғастырды және 2023 жылдың тамызындағы жағдай бойынша жанжалға дейінгі құнынан шамамен 20 есе арзанға бағаланған.
Компания: Clover Health Investments (CLOV)
Өнеркәсіп саласы: медицина
Шабуыл күні: 02.04.2021
Hindenburg-тің Clover Health-ке қарсы шағымдары құжаттарды талдау және ондаған бұрынғы қызметкерлермен және бәсекелестермен, сондай-ақ сала сарапшыларымен сұхбаттар арқылы анықтаған бірқатар фактілерге негізделген. Материалда компания АҚШ Әділет министрлігінің Clover Assistant негізгі бағдарламалық жасақтамасын әзірлеу кезіндегі бұзушылықтарға қатысты тергеуді жасырды деп айыпталды. Атап айтқанда, стартап қызметкерлері жасырын төлемдер жасады, жасырын үшінші тараппен таза емес транзакциялар жүргізді, үлкендерді жаңылыстырған маркетингтік әрекеттер жасады деген айып тағылды.
Жарияланғаннан кейін келесі күні Clover Health SEC-тен тергеуді бастау туралы хабарлама алды. Компания серіктестікке ниетті екенін бірден хабарлады. Өткен жылдың наурыз айында «SPAC Королі» Чамат Палихапития бастаған компания басшылары сот алдында жауап беретіні хабарланған болатын. Clover Health компаниясының соңғы қаржылық есептеріне қарағанда, сот процесі әлі де жалғасуда.
Шабуыл болған күні компанияның қағаздары 12% жоғалтты, ал бір айдан кейінгі компания акция акциялары құлдырауын жалғастырып – 40% төмендеді. Бүгінгі күні Clover Health акциялары Hindenburg жанжалына дейінгі құнынан 9 есе арзан.
Компания: Lordstown Motors Ltd. (RIDEQ)
Өнеркәсіп саласы: автомобиль жасау
Шабуыл күні: 12.03.2021
Тағы бір электромобиль өндірушісі 2021 жылдың наурыз айында айыптауға ұшырады. Ол – Lordstown Motors. Hindenburg сарапшылары компанияны шамамен 100 000 алдын ала тапсырыс алды деп айыптады. Оның ішінде көбі жалған тапсырыстар екендігі айтылды. Ал кейбір жағдайларда Lordstown тапсырыстарды орналастыруға өз ақша төледі деп айыпталды.
Компания өз тергеуін 2021 жылдың маусымында бастады. Сонымен бірге SEC тергеуі де басталған болатын. Ол әлі аяқталмады. Компания 2023 жылдың маусымында қайта құрылымдау басталатыны туралы ресми мәлімдеме жасады. Іс жүзінде бұл банкроттық рәсімін бастау дегенді білдіреді.
Компанияның бағалы қағаздары Hindenburg есеп жарияланғанға дейін құлдырай бастады: тіпті 2021 жылдың ақпан айында Lordstown үлесі 40%-ға төмендеді. Сарапшылардың материалдары компанияны көлбеу жазықтықтан төмен қарай сырғытты. Айыптаулар жарияланғаннан кейін бір айдан кейін компания тағы 27% -ға төмендеді. Ағымдағы жылдың тамыз айына қарай Lordstown-ды капиталдандыру 2021 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 123 есеге азайған.
Компания: Adani Enterprises Limited (ADANIENT)
Өнеркәсіп саласы: әртараптандырылған холдинг
Шабуыл күні: 24.01.2023 ж
Бұл жолы Hindenburg күмәнді стартап емес, Adani тобына кіретін бірнеше листингілік компаниялары (көмір және темір рудасын өндіру, жаңартылатын энергия және басқа салалар) бар үнділік кәсіпкер Гаутам Аданиге тиесілі ірі холдингке шабуыл жасады. Hindenburg топты бағалы қағаздармен айла-шарғы жасады және салық баспаналарын теріс пайдаланды деп айыптады. Сарапшылар топтың үлкен қарызына назар аударды, ал Citigroup бөлімшесі олардың маржалық несиелерін ұзартпаған.
Adani Group компанияның бұл есебін «жалған ақпарат және негізсіз айыптаулар» деп бағалап, заңды шара қолдануға уәде берді. Үшінші күні топ Hindenburg айыптауларының қысқаша мазмұнын жариялады. Алайда ол инвесторларды сендіре қоймады. Компанияның қағаздары арзандай берді. Осыған байланысты Үндістанның Орталық банкі жергілікті банктерден топтың компанияларына қатысты тәуекелдерді егжей-тегжейлі көрсетуді сұрады. 2023 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша компания SEC-тің тергеуіне ұшырамағанын ресми түрде мәлімдеді.
Шабуылдан кейін бір аптадан кейін топтың холдинг құрылымы – Adani Enterprises Limited – 38%-ға, бір айдан кейін – 62%-ға төмедеді. Сәуір айынан бастап компания қағаздары баяу қалпына келе бастады, бірақ 2023 жылдың тамызындағы жағдай бойынша компания Hindenburg есебі жарияланғанға дейінгі құнынан 40%-ға арзан.