Жаңалықтар

Апаттан төрт кенші опат болды. Қарағанды облысының әкімшілігі қайтыс болғандардың аты-жөнін жария етті

 «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты «Қазақстан» шахтасындағы апаттан опат болған төртінші кеншінің мәйіті табылды.

«Төртінші кеншінің денесі табылды, Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл. Марқұмның әріптестері мен компанияның бүкіл ұжымы мезгілсіз қаза болған жолдастың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады», – делінген компания хабарламада.

Айта кету керек, шахтада шыққан өрт салдарынан сыртқа шыға алмай, қайтыс болған кеншілердің арасындағы ең жасы да Артур Халиков, 29 жаста.

Қарағанды облысының әкімшілігі апат салдарынан қайтыс болған кеншілердің аты-жөнін жариялады. Олар:

Виталий Владимирович Слюньков, 1965 ж. т.;

Виктор Сергеевич Бургун, 1966 ж. т.;

Артур Ринатович Халиков, 1994 ж. т.;

Денис Геннадьевич Стешин, 1978 ж. т.

Еске салайық, 17 тамыз күні, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иелігіндегі «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасынан өрт шығып, жүзден аса адам қауіпті аймақта қалған еді Кейіннен, апат кезінде шахтада болған 227 кеншінің 222-сі жер бетіне шығарылғаны хабарланған болатын. 18 тамыз күні үш кеншінің мәйіті табылған болатын.

Айта кетейік, Премьер-Министр Қарағанды облысында қаза тапқан кеншілердің отбасымен кездесіп, қыркүйек айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының меншік иесіне қатысты мәселе шешілетінін мәлім етті.