Жаңалықтар

Қазақстан кәсіпорындарының тек жартысында ғана қызметкерлер жазатайым жағдайдан сақтандырылған

шахта
Фото: freepik

Өндірістегі жазатайым оқиға кезіндегі азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғайтын шарттар Қазақстан кәсіпорындарының 53,1 пайызында жасалған. Еңбекминінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 3,2 млн-нан астам жұмыскер өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандырылған.

Өңірлердің мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігі туралы 125 мың хабарлама жолдапты. Тиісті шарттардың болмауы осы кәсіпорындарда тексеру жүргізуге негіз болады.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті.

Айта кетейік, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.

2021 жылы кәсіпорындарда 1467 адам зардап шегіп, оның ішінде 200 адам қаза тапты.

Ал 2022 жылы 1465 жұмыскер зардап шексе, 203-і қаза тапқан.