Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталады?

Жарияланды
Қарапайым жұмысшының құқығы қандай?

Қазақстанда соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккен жұмысшылар саны 12,5 пайызға, қаза болғандар саны 16,2 пайызға азайған. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, былтыр зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн жұмысшысының 375 мыңы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Ал зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар беруге міндетті.

2021 жылы ел бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы аллған. Бұл 2020 жылға қарағанда 19 пайызға артық.

«2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 3547 бұзушылық фактісін анықтады. Бұзушылықтардың негізі қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеуі, жеке және ұжымдық қорғау құралдары мен арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеуі. Еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлерді оқыту жүргізбегендігі сияқты кемшіліктер анықталып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3,5 ұйғарым беріліп, 325 млн теңгеге жуық айыппұл салынды» деді спикер.

Өндірістік жарақаттардың үштен бірі зардап шеккендердің өздерінің өрескел абайсыздығынан болған.

Былтыр кәсіпорындарда 1467 адам зардап шекті, оның ішінде 200 адам қаза тапты. 2022 жылдың 3 айында 313 адам зардап шекті, оның ішінде 47 адам қаза тапты.

Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер:

  • 36% – зардап шеккендердің өздерінің өрескел абайсыздығы;
  • 24% – еңбек және жұмыс өндірісінің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы;

Көптеген жағдайлар жұмысшыларды жұмыс орнына жеткізгенде орын алған. Бұл ретте жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында сақталуда. 

Елімізде жалпы өндірістік жарақаттанудың төмендегеніне қарамастан, бірқатар өңірлерде: Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстарында өсім байқалды.

Жұмыс берушінің де, қызметкерлердің де қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау негіздеріне деген көзқарастан туындайтын себептер әртүрлі деп атап өтті спикер.

2021 жылдың қорытындысы бойынша жол берілген бұзушылықтар үшін 56 лауазымды тұлға атқарып отырған қызметінен босатылып, еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары құқық қорғау органдарына мыңнан астам материал жіберіп, олар бойынша 127 қылмыстық іс қозғалған.

«Бұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу мақсатында 2800 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Кәсіпорындарда 16 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды және жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 21 мыңнан астам техникалық инспектордың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. 2019 жылдан бастап біз 7 ереже қарастырылған «алтын стандарт» – «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша  белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 292 кәсіпорын қосылды. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде, ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды «халықтық бақылаушылар» ретінде тартуды көздейді. Бүгінгі таңда 164 кәсіпорын осы жобаны іске асыруда, оның аясында 500-ден астам адам еңбек етеді» дейді Ербол Нұрғалиев.  

Бұдан басқа, өңірлердің әкімдіктері жазатайым оқиғалардың ең көп санына жол берген жұмыс берушілермен бірлесіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жекелеген іс-шаралар жоспарын бекіту бойынша жұмыс жүргізді. Жоспарлар еліміздің 173 кәсіпорнында бекітілген.

Айтпақшы, еңбек ресурстары порталында (hr.enbek.kz) 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап «Онлайн еңбек консультанты» функционалы іске қосылды, ол жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін өзін-өзі тексеруден өтуін көздейді.

«Үкімет отырысында бекітілген 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асырамыз. Онда өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделген. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету (2021 ж. – 0,22); зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20%-ға дейін қысқарту (2021 ж. – 22,8%) күтілуде» деді Нұрғалиев.

Құрылған Ахуалдық орталық шеңберінде күн сайын нақты режимде елдің проблемалық кәсіпорындарындағы жағдай қадағаланады. Жедел ақпарат барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, әлеуметтік серіктестерге және БАҚ-қа беріледі.

«Ахуалдық орталықтың мониторингіне наразылық шаралары болуы мүмкін 500 проблемалық кәсіпорын енгізілді. Қабылданған шаралардың арқасында 448 кәсіпорындағы жағдай шешілді және олар мониторингтен алынды. Бүгінгі күні қаупті жағдай 52 кәсіпорында әлі де сақталып отыр және олар бойынша жергілікті атқарушы органдар шаралар қабылдауда. Айта кетейік, осы 448 кәсіпорында жыл басынан бері 34 наразылық акциясы өткізіліп, жұмыс 3 және одан да көп сағатқа тоқтатылды. Бұл үшін еңбек кодексі бойынша әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. 34 наразылық акциясының 33-і Маңғыстау облысы аумағында, 1-уі Атырау облысында болды. 27 жағдайда жұмысшылардың талаптары ымыралы шешім тапты, кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. 6 кәсіпорында шаралар жалғасуда. Әкімдіктер Үкімет қаулысымен бекітілген алгоритм аясында іс-шаралар қабылдауда» деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ оқыңыз