Жаңалықтар

Жастардың шағын бизнес ашуына 11,4 млрд теңге несие берілді

Фото: kursiv.media

Жыл басынан бері жастардың шағын кәсіп ашуына 11,4 млрд теңге несие берілген. Жалпы 2023 жылы 29 млрд теңге сомасына 5 796 шағын несие беру жоспарланып отыр.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясына» жастардан 5,3 мыңнана аса өтініш келіп түссе, соның ішінде 3344 жоба мақұлданған. Ұазіргі кезде 2 577 жобаны іске асыруға 11,4 млрд теңгеге несие берілген.

«Несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жобаларды іске асырушылар», -делінген хабарламада.

Айта кетейік, мемлекет басшысы өз жолдауында жастар кәсібін қолдау бағдарламасын жүгізе асыруды тапсырған. Несие 21-35 жас аралығындағы азаматтарға өз кәсібін ашу немесе оны кеңейту үшін беріледі.

Микронесие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды.

Ең жоғары қарыз сомасы 5 млн теңгеге дейін және кепіл болуы міндетті.

Микрокредитті кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредит мерзімінің үштен бірінен аспайды.

Ұлттық банктің кеше жариялаған сауалнамасында ІІ тоқсанда шағын бизнестің несиеге деген сұранысы 21 пайыз өскені жазылған.