Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісіне қатысты мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссиясы араласады, деп хабарлайды Интерфакс.
ЕЭК комиссиясына Қырғызстан Экономика министрлігі сұраныс түсірген.
«Қырғызстанның Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға қырғыз-қазақ шекарасындағы өткізу пунктінде жүк көліктерінің өтуіне қатысты жағдайды зерделеуді сұрап үндеу хат жолдады», деп мәлімдеген Қырғызстанның Экономика министрлігінің өкілі.
Ведомство өкілінің айтуынша, комиссия шекараға бейсенбі күні келеді деп күтілуде.
«Ұлттық экономикалық орган қырғыз тарапының уәжімен келісті. Мәселені анықап білу үшін кеденег комиссия жіберу туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобын Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Қожошев басқарады», дейді министрлік өкілі.
Төртінші күннен бері Қазақстанмен шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінің алдында жүздеген жүк көлігі көп шақырымға созылған кептелісте тұр. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, бүгінде «Ақ-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу бекетінің алдында 493 көлік, ал «Кең-Булун-автодорожный» бекетінің алдында 146 көлік кезекте тұр.
Еске сала кетсек, 22 тамыз күні Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кеденде cу дауына байланысты кептеліс басталды деген хабар тарады. Қырғызстанға көліктер еркін өтіп жатса, бері қарай жүк көліктерінің өтуі қиындаған.
Кедендегі көлік кептелісі 20 тамыз күні таңғы сағат 8:00-ден басталған. «Кең-Бұлун-Автодорожный» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінде ауыр жүк көліктері қаптай бастаған. Сол күні таңнан кешке дейін небары 15-ке жуық жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алған. Мұндай кептелістің себебін біреулер Өзбекстаннан келген көліктен есірткі табылғанымен байланыстырса, енді бірі «қырғыз тарапы су жібермей қойғаны себепті Қазақстан шекарадан көліктерді өткізбей жатыр» деген ақпарат таратқан.
Ал Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі сол күні кеште өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
«Шекаралық аймақта, сонымен қатар шекаралық өткізу пункттерінде құқыққа қайшы іс-әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешені іске асыруда. Сонымен бірге, қандай да бір шектеулер енгізілмеді, өткізу пункттері, оның ішінде қазақ-қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс жасауда. Тексеру уақытының регламенттік нормативтері қатаң сақталуда және автокөлік құралдарын өткізу деңгейі қазіргі маусымға тән күнделікті көрсеткіштер аясында», делінген ҰҚК баспасөз хабаламасында.