Фото: kursiv.media
«Қазақтелеком» АҚ әзірбайжандық CASPINET B.V. акцияларының 50 пайызын иеленді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтындағы ақпаратта жазылған.
«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Қазақтелеком» АҚ KASE-ге 2023 жылдың 22 тамызынан бастап CASPINET B.V. акцияларының 50 пайызына иелік ете бастағанын хабарлады», – делінген хабарламада.
«Қазақтелеком» баспасөз қызметінің мәліметінше, CASPINET B.V – бұл Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісі жобасының бір бөлігі ретінде құрылған бірлескен кәсіпорын.
Сейсенбі, 22 тамызда «Қазақтелеком» мен әзірбайжандық байланыс операторы «AzerTelecom» бірлескен кәсіпорынды тіркеу туралы келісімге келді.
«2023 жылғы 23 тамызда Қазақстан қор биржасының веб-сайтында олардың талаптарына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ 50% үлесі бар бірлескен кәсіпорынның атауы – CASPINET B.V. ашық жарияланды», – делінген телекоммуникация қызметінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, маусым айында үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Әзірбайжанға сапары кезінде «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу мен пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорын құру туралы акционерлердің келісіміне қол қойған еді.
«Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық магистраль салу жобасы трансұлттық «Цифрлық Жібек жолының» негізгі құрамдауыштың бірі, оның түпкі мақсаты – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде интернет сапасын арттыру. Қазақстан мен Әзірбайжанды жалғайтын теңіз түбіндегі кабельдік желінің ұзындығы 380 км құрайды, ал жаңа магистральдың өткізу қабілеті 400 терабит/с дейін жетеді», делінген компания таратқан хабарламада.
«Қазақтелеком» АҚ – Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы, әрі Қазақстанның ірі қалаларын жоғары жылдамдықты дерек беру цифрлық ағынымен байланыстыратын Ұлттық ақпараттық супермагистралі бар ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие.
Компанияның бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына (акцияның 51%) тиесілі. 28,2% үлесі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің балансында. Бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлының иелігінде болған. «Қазақтелекомның» американдық депозитарлық қолхаттарының үлесі – 9,6%, корпоративтік даму қорының үлесі – 3,4%. Бағалы қағаздардың қалған 7,8%-ы басқа миноритарлық акционерлерге тиесілі.
AzerTelecom – Әзірбайжанның жетекші көтерме телекоммуникациялық операторы. Компания энергетика, телекоммуникация, жоғары технологиялық және құрылыс салаларында 9 елде қызметін жүзеге асыратын NEQSOL Holding халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді