Жаңалықтар

Елімізде АӘК алатын отбасылардың саны азайып келеді – Еңбек министрлігі

Фото: kursiv.media

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың саны азайып келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Қазір елімізде кедейлік шегінен төмен деңгейдегі отбасыларға АӘК төленеді.

1 тамыздағы жағдай бойынша АЕК алатын 539 мың адам немесе 102 мың отбасы бар. Былтыр АӘК-ті 700 мыңнан аса адам немесе 141 мың отбасы алды.

«Көріп отырғанымыздай, АЕК алатындар саны азайып келеді. Оның ішінде балалардың үлесі – 65% немесе 355 мың бала. Биыл 1 қаңтардан бастап осы отбасыларда тұратын 1-6 жастағы балаларға қосымша түрде кепілдендірілген төлем беріледі. 1,5 АӘК (5175 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) әр бала үшін төленеді», – деді министрдің орынбасары.

Назгүл Сағындықова жәрдемақы алатын көпбалалы отбасылардың саны өсіп жатқанын жеткізді.

«2019 жылы 250 мың отбасы көпбалалы ретінде жәрдемақы алса, қазір олардың саны 545 мыңға жетті. Мемлекеттен көмек алып жатқан отбасы саны артты», – деді ол.