Жаңалықтар

«Қазақстан» шахтасындағы өртті өшіру үшін гипс бөгеттер салынып жатыр – ТЖМ

Фото: shutterstock

Өрт сөндірушелір «Қазақстан» шахтасындағы өртпен әлі де күресіп келеді. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша қазіргі таңда өртті сөндіру мақсатында гипстен бөгеттер салынып жатыр.

«Қазақстан» шахтасында апаттық учаскеде гипс бөгеттерін салу жалғасуда. Екі учаскеде жұмыстардың 90-95% орындалды. Өрт ошақтарын сөндіру жалғасуда. Жұмыстарға 27 тау-кен құтқарушысы жұмылдырылған. Авариялық учаскедегі газ жағдайы тұрақты бақылауда, делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, өрт сөндірушілер өртті гипстен көпірлер салу арқылы өшіру туралы шешімге келген. 

«Авариялық қазбадағы өрт ошақтары әлі де жанып жатыр, жағдай жақсарған жоқ. Өрттің таралуына жол бермеу үшін жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты КӘАҚҚ РШО шахтадағы аварияны жою штаб басшылығы гипстен көпірлер салу арқылы апатты учаскені оқшаулау туралы шешім қабылдады», деп хабарлаған болатын баспасөз қызметі.

17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Бұл өрт салдарынан 5 кенші опат болды.

Бұған дейін, Қарағанды облысының әкімдігі апат салдарынан қайтыс болған төрт кеншінің аты-жөнін жариялады.

19 тамыз күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеді.