Жаңалықтар

Асылзат ИСАТАЕВА, стартапер: дәрігерлер AI технологияларын қолдана алады деген тұжырым заңнамада жоқ

Фото: жеке архив

IT саласында биыл трендте болған тақырып — жасанды интеллект. Осы бағыттағы жобалар, AI-дың Қазақстандағы қарқыны туралы Kursiv Media аз жазған жоқ. Отандық стартаптарға үнемі шолу жасап жүреміз. Бір күні стоматологияда жасанды интеллектіні қолданысқа енгізген Асылзат Исатаеваның әлеуметтік желідегі парақшасына көзіміз түсті. Елде жоқ ерекше стартап иесімен сұхбаттасып, тілдескен едік.

Асылзат Исатаева — қазақстандық IT-кәсіпкер, AIdentis стартабының негізін қалаушы. Бұл жоба — жасанды интеллект негізінде тістің рентген суретіне анализ жасауға арналған бұлтты сервис. Стартаптың басты мақсаты — тіс дәрігерлерінің жұмыс барысын жылдамдатып, адами қателіктер ықтималын барынша азайту. Кейіпкеріміз туралы айтпас бұрын жобаның қалай жұмыс істейтініне тоқталайық.

Маржандай тістің межесін жақындатқан жоба

AIdentis машинаны үйрету және компьютерлік көру әдістерін қолданып, стоматологқа емдеу барысында мейлінше көмектеседі. Атап айтқанда, цефалометриялық анализ автоматтандырылған. Алгоритмдер демде жеке ортодонттық анализ дайындап береді. Сонымен қатар, 3D модельдерге автомат генерация жасалады. Одан бөлек, Асылзаттың командасы қазір машинаға әр тіске диагностика жасауды үйретіп жатыр. Бұл дегеніміз дәрігердің диагностикасын растайтфн тәуелсіз пікір ретінде қарастырылады. Осылайша пациенттер осындай AI құралы бар дәрігерге көбірек сенім артатын болады. Жалпы алғанда бүгінде емделушілер «дәрігерлер ақшаны көбірек алу үшін әдейі істейді» деп ойлайтын тенденция бар. Бұл құрал болса, осы күмәнді сейілтеді.

Тістердің конус-сәулелік компьютерлік томографиясы (КСКТ) суреттеріне автомат түрде интерпретация жасалады. Ол қалай десеңіз, жасанды интеллект бар болғаны 2-3 минут ішінде панорамалар мен кесінділерді жасап, дәрігерге емдеу кезеңдерін жоспарлауға және қателеспеуге көмектеседі. КСКТ-ны STL-үлгіге аудару арқылы дәрігерлер қалай емдеу керегін жақсырақ әрі жоспарын сапалырақ істеуге мүмкіндік алады. Одан қала берді пациентте де жағының қандай жағдайда екенін анығырақ көреді.

Бүгінде ортодонт қызметіне сұраныс артып келеді. Кім де болсын тісінің маржандай болғанын қалайды. Сол үшін брекет салдырып, енді бірі элайнер, винир қойдырады. Бірақ осы процестердің қай-қайсысында болса да алдымен тістің суреті қажет. Рентген жасап болған соң бірер сағат уақыт есепке жұмсалады. Асылзаттың командасы алдымен 7 клиникада сынақ жасап көрген. Оң нәтижесін көріп, жалпақ жұртқа жар салып отыр. Енді жасанды интеллект көмегіне жүгінген кезде тіс дәрігерлері уақытты үнемдеп қана қоймай, бұрынғыдан бірнеше есе көбірек табыс таба алады. Себебі үнемделген уақытын басқа пациенттерді қабылдауға жұмсайды. Бұл тісін түзеткісі келетіндерге де ұнайтыны хақ.

«Ортодонттар есепке көп уақыт жұмсайды. Брекет салмас бұрын емдеу жоспарын жасайды. Пациент тісін рентгенге түсіреді, суретін әкеледі. Одан кейін соған қарап бұрыштары, траекториясы есептеледі. Ұзақ уақыт алатынынан бөлек, бұл жұмысқа қарындаш, жап-жарық бөлме, транспортир қажет екені тағы бар. Қолмен атқарылатын осындай жұмыс көп екенін байқадым. Адам болған соң, қателесуі де мүмкін. Сондықтан осы процестерді қалай автоматтандырса болады деп ойладым» дейді Асылзат жоба идеясының қалай өмірге келгенін айта отырып.

Қазақстанда инсультты анықтауға жасанды интеллектіні қолданатын бірегей жоба бар. Ол — Сerebra. Бұл стартаптың AIdentis-ке қандай қатысы барын айтайық. Табысты жобаның негізін қалаушы Досжан Жүсіпов Асылзатқа сенім артып, алғаш қолдау білдіргендердің қатарында болды. Бұл саладан хабары бар, білікті маманның инвестиция құйғанынан-ақ AIdentis-тің алдыңғы қатарлы стартаптардың біріне айналатынын байқауға болар еді. Бастапқыда Жүсіпов командаға бағыт-бағдар көрсетіп, тапсырма беріп отырған. Команда да айтқанды іліп алып, ойдағыдай іске асырған. Соның арқасында жоба жоспарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп келеді. Асылзаттың айтуынша, Досжан Жүсіпов жобаға MVP дайындау үшін 25 мың доллар инвестиция салған. Сондай-ақ, былтыр Астанада өткен Digital Bridge-2022 форумында AIdentis стартабы Most Ventures венчурлық қорынан 20 мың доллар көлемінде чек ұтып алған еді. 

Әкесінің жұмысын жеңілдеткен Асылзат

«Мен медицина қызметкерлерінің отбасында дүниеге келдім. Әке-шешем бала кезден бізге білімнің құндылығын бойымызға сіңіріп өсірді. 15 жасымда Жәутіков атындағы РФМОМИ-ге емтихан тапсырдым. Арнайы мектептке оқығаным математикаға деген құштарлығымды одан сайын арттырды. 2013 жылы мектеп бітіріп, университетке түсуге дайындалдым. Арагідік медицинаға аңсарым ауып, сол туралы ойлап қоятынмын. Бірақ достарым, таныстарым техникалық бағыттағы оқу орындарын таңдап жатты. Осылайша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Механика және математика факультетіне түстім. Ол жерден компьютерлік және математикалық модельдеу бойынша білім алдым» дейді бэкграундының бастамасын атап өткен Асылзат.

Бакалавриатты тәмамдаған соң, кейіпкеріміздің алдында бірнеше таңдау тұрған: ғылым жолына түсу, медицинамен өмірін байланыстыру әлде практик-маман ретінде өсу. «Құласаң, нардан құла» демекші, Асылзат ең таңдаулы түлектерді ғана қабылдайтын, тек мықтыларға ғана орын беретін Big4 компаниялардың біріне орналасады. EY-ге қабылданған ол тоғыз айға жуық уақыт аудит бөлімінен тағылымдамадан өтеді. Мұнысы оған табандылықты, кәсібилікті дамытуға жақсы көмектескен болса керек. Көпшіліктің армандайтын компаниясында жұмыс істеп жүрсе де, басқа бағытта бақ сынап көрмек болып, 2021 жылы орнынан кетеді. Сөйтіп мемлекеттік секторға, атап айтқанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық талдау орталығына жұмысқа тұрады. Дегенмен ол жақтағы қызметі көңілінен шықпай, жарты жылдан соң жұмыстан шығып кетеді. Айтуынша, өте үлкен көлемді деректермен жұмыс істегенімен, оларға қол жеткізу де, басқару да қиынға соққан. Көңіл қалауына ден қоятын Асылзат енді қай бағытты қолға алса болатыны туралы ойлана бастайды. Бірақ бос жұмыс орындарын қанша шолса да, ойынан шықпайды.

Бір күні туған қаласы — Семейге барып, ата-анасын көріп қайтпақ болады. Әкесі — тіс дәрігері. Кейде жұмысына барып, процесті бақылап отырады екен. Солай сырттай қарап отырып, ойына керемет идея келеді.

«Бірнеше жыл бойы халықаралық корпорацияда, ұлттық компанияда тәжірибе алған соң, медицина саласының дамуына да үлесімді қосқым келді. Ата-анам медицина саласына баруға мәжбүрлемейтін. Бірақ осы саланы дамытуға ниетімнің пайда болуына өздері үлгі болды. Әкемнің стоматологиясында процестерді қарап, жоғары технологиялардың қолданулары жайында көп ойландым. Басында бір фокусқа көңіл тоқтату, команданың ресурстарын тиімді қолдану қиын болды. Кейін Cerebra-ның негізін қалаушысы Досжан стоматология саласындағы біздің жобаны қолдап, алға жылжуға көмектесті» дейді Асылзат. Осылайша әкесінің жұмысын жеңілдету жолын ойлап тапқан кейіпкеріміз сәтті стартапты ұршықтай үйіріп әкетті. Кейіпкерімізге блиц түрінде бірнеше сұрақ қойған едік. Оны да оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

«Қазақстан нарығын біз деректер лабораториясы ретінде қарастырамыз»

  • Жасанды интеллект туралы екі жақты пікір бар. Адамның орнын басады деген басты қорқыныш медицинада да бар ма? Бұл қорқынышқа қаншалықты негіз бар деуге болады.
  • Болашақта аccистенттердің күнделікті жұмысынының орнын баса алады деген ойлар бар. Бірақ шынайы эксперттер клиникалық ойлауымен озады деп сенемін. Жасанды интеллектіні тиімді қолдануға болады. Дәрігер ойындағы күмәнін алып тастай алады немесе ары қарай ізденіс жасауға көрсеткіші болады. AI технологиялар адами факторды жоюға көмектеседі. Әрі сапалы диагностка жасауға келгенде қолайлы ассистент бола алады. Сондықтан сәтсіз емдеу процесін болдырмауға ықпал етеді. Емделушінің сенімсіздігін жою үшін дәрігер AI-ді екінші пікір ретінде қолдана алады, сол арқылы емделушілер басқа дәрігерлерге жазылып жүрмейтін болады.
  • Стоматология өте қымбат сала саналады. AI технологиялары нарыққа кіргенде қызмет құнына ол қаншалықты әсер етеді? Дәрігер жұмысын жеңілдеткені үшін арзандай ма, әлде жаңа дүние болғандықтан керісінше қымбаттата ма?
  • Сұраныс көбіне комфорт, премиум клиникалардан түседі. Олай болатын себебі олардың клиенттері денсаулыққа мұқият қарап, сапалы диагностика жасалатын клиникаларды таңдайды. Сонымен бірге клиниканың жоғары технологиялардың қолдануы оларға әжептәуір көрсеткіш болады. Әзірге біз сынақ кезеңіндеміз. Бір айлық жазылымды клиника 10 мың теңгеге сатып ала алады. Әйтсе де, программаны дамытып жатырмыз. Соған сай бағасы да, әлбетте, өзгеріп отырады.
  • Отандық деңгейден асып, халықаралық нарыққа шығу жоспары бар шығар. Ол бағытта жұмыстар атқарылып жатыр ма?
  • Қазақстан нарығын біз гипотезаларды тестілеуге және деректер лабораториясы ретінде қарастырамыз. Әрі қарай халықаралық нарықта бизнесті масштабтаймыз деген жоспарымыз бар.
  • Отандық ортодонтия қалай дамып жатыр? Не жетіспейді?
  • Білім жетпейді. Университетте көбіне терапияға үйренеді. Содан кейін ортодонт болу үшін өз қаржысына курс өтеді. Менің ойымша, бірнеше күндік курс сапалы білім алуға тым аздық ететін сияқты.
  • Қазақстандық MedTech-те қандай мәселеге кезіктіңіздер? Оның туындауына не себеп? Шешу жолы қандай?
  • Қалалық және республикалық ауруханаларда бет және жақ мәселерін қарастыруға мүмкіндік жоқ. Деректер мен қиындық туғызатын процестерді бөліскісі келмейді. Болашақта оларға программа жасағанмен, қалай сатуға болатыны да белгісіз. Халықаралық тәжірибеде болғанымен, біздің заңда дәрігерлер AI технологияларын қолдана алады деген тұжырым әзірге жоқ.