Үкімет 2024 жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарады. Президент QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек деп мәлімдеді.
«Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатыр. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек.
«Келесі маңызды мәселе – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту. Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет», деді ол.
«Халықтық IPO» бағдарламасы аясында биржаға «ҚазТрансОйл» (2012 жыл) және «KEGOC» АҚ (2014 жылы) акциялары шығарылған. Мемлекет «Самұрық-Қазынаға» қарайтын өзге де компанияларды қор нарығына шығаруды жоспарлағанынмен, бағдарлама мерзімінен бұрын тоқтатылды.
«Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуы тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді.
«Эйр Астана» компаниясының 49 пайыз акциясына иелік ететін британдық BAE Systems IPO-ны халықаралық қор биржасында өткізуді талап еткен. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Ернар Жанаділ мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, болашақ IPO туралы келіссөз жалғасып жатыр.
«Біз дұрыс жолды таңдап, «Эйр Астананы» IPO-ға 2024 жылы шығаруды жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа қарай халықаралық нарықтағы құбылмалы жағдай реттеліп қалар деген үміттеміз», – деген еді Жанәділ.
Қаңтар айында Air Astana басшысы Питер Фостер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның IPO-сы 2024 жылы өтетінін айтқан.
«Эйр Астана» компаниясының 51% акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, ал 49% акциясы британдық BAE Systems компаниясына тиесілі. BAE Systems (Kazakhstan) Limited — әуе, құрлық, теңіз бен ғарышта қорғаныс және аэроғарыш жүйелерін әзірлеп жеткізетін британдық BAE Systems plc еншілес кәсіпорны.