Жаңалықтар

AIX биржасында жеке инвесторлар ашқан есепшот саны 1 миллионға жетті

Фото: AIX

Қазақстандық жеке инвесторлардың AIX Орталық депозитарийіндегі қазақстандық жеке инвесторлардың есеп-шоттар саны 1 миллионға жеткен. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлайды.

Осылайша, жеке инвесторлардың есеп-шоттары соңғы 3 жылда 6 есе көбейген.

«Қазақстанның инвестиция нарығына қатысушылар соңғы жылдары енгізген технологиялық прогресс жеке инвесторларға жол ашып, олардың мүмкіндіктерін институционалды инвесторлармен теңестірді. COVID пандемеясына қатысты енгізілген шектеулер азаматтарды қосымша табыс көзін іздеуге, осылайша қор нарығына назар аударуға итермеледі – 2021 жыл мен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы арасында мыңдаған адам инвестор ретінде есеп-шот ашты. Қор нарығында цифрлық қосымшалардың дамуы да жеке инвесторлар санының артуына үлесін қосты», делінген хабарламада.

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ – AIX акционері. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі халыққа жолдауында еліміздегі екі қор биржасы бір ортылықтан басқарылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

«Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет», деді Президент.

Осы орайда экономист Бауыржан Шурманов қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты.

«Өкініштісі, қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан, қосынды өзгермейді. Мәселен, «Самұрық» немесе «Бәйтерек» қанатының астына біріккен басқа квазимемлекеттік компанияларда солай болады. Сондықтан бізге Webull, Robinhood сияқты халықаралық шағын және прогрессивті брокерлерді тарту керек. Сондай-ақ жеке компаниялардың қор биржасына кіруін белсенді ынталандыру қажет», дейді сарапшы.