Қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қор нарығын дамыту туралы сөз қозғады. Бұл ретте ол Қазақстан қор биржасы мен Astana International Exchange-ді бір жерден басқару мәселесін қарастыруды тапсырды.

«Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан қор биржасы мен Astana International Exchange-ді бір жерден басқару қаншалықты тиімді? Ескеретін нәрсе Президент биржалар туралы тікелей біріктіруді емес, ортақ басқару туралы айтты. Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты. Өкініштісі, қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан, қосынды өзгермейді. Мәселен, «Самұрық» немесе «Бәйтерек» қанатының астына біріккен басқа квазимемлекеттік компанияларда солай болады.

Сондықтан бізге Webull, Robinhood сияқты халықаралық шағын және прогрессивті брокерлерді тарту керек. Сондай-ақ жеке компаниялардың қор биржасына кіруін белсенді ынталандыру қажет.

Ал, қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы сауда алаңдарының мықты және әлсіз жақтарын анықтауға болады.

Еске саламыз: Қазақстан қор биржасы (Kazakhstan Stock Exchange — KASE) – штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан қор биржасы, қор нарығының капитализациясы бойынша ТМД биржалары арасында екінші орында. 1993 жылы құрылған.
Astana International Exchange (AIX) – беделді халықаралық ойыншылардың қолдауымен 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. Оның негізгі стратегиялық серіктестері: Шанхай қор биржасы (Shanghai Stock Exchange), сауда-саттыққа арналған жоғары-технологиялық платформасын ұсынған NASDAQ қоры, Goldman Sachs халықаралық қаржы корпорациясы, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі жобаларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін Жібек Жолы Қоры.