Алты жылда қаржы секторы қалай нығайды және бұған ҚНРДА қалай ықпал етті

Алты жыл ішінде Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк секторын қадағалау тәсілін өзгертіп, бұрыннан туындаған мәселелерге әрекет етуден оларды ерте кезеңде анықтауға көшті. Енді банктер активтер сапасын тұрақты түрде бағалаудан және стресс-тестілеуден өтеді, ал капиталға қойылатын талаптар әрбір ұйымның тәуекел деңгейіне қарай белгіленеді. Бұл тәсілдер банктер туралы жаңа заңда заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

ҚНРДА – Қазақстанның қаржы нарығын реттейтін мемлекеттік орган. Агенттік банктерге, сақтандыру компанияларына, микроқаржы ұйымдарына, коллекторларға және бағалы қағаздар нарығының қатысушыларына қойылатын талаптарды белгілейді. Сондай-ақ лицензия береді және кері қайтарып алады, ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын және заңнама талаптарын сақтауын бақылайды. Агенттіктің негізгі міндеттері – қаржы нарығындағы клиенттердің құқықтарын қорғау, қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді азайту, жосықсыз әрекеттердің жолын кесу, бәсекелестікті және жаңа қаржылық өнімдердің дамуына жағдай жасау.

Агенттік өз жұмысын 2020 жылдың қаңтарында бастады және ведомствоны Мәдина Әбілқасымова басқарды. Ол кезде Қазақстанда 27 банк жұмыс істеп тұрды, олардың активтері 26,5 трлн теңгені құрады. Ал төлеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың үлесі 8,4% болған еді.

Ұлттық банктің 2026 жылғы 1 шілдедегі мәліметінше, қазір елімізде активтерінің жалпы көлемі 74,2 трлн теңге болатын 23 банк жұмыс істейді. Осылайша, банк секторының көлемі шамамен 2,8 есеге өскен. Ал осы кезеңде NPL90+, яғни 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 4,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың басымен салыстырғанда 4,3 пайыздық тармаққа төмендеген.

Банк секторы активтерінің өсуіне инфляция, экономикалық белсенділік және несиеге деген сұраныс та әсер етеді. Алайда капитал, өтімділік және активтердің сапасы жөніндегі көрсеткіштер банктердің тұрақтылығын тікелей көрсетеді. Олардың жай-күйін ҚНРДА бақылайды. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің меншікті капиталы 11,2 трлн теңгеге жетті. ҚНРДА-ның 1 маусымдағы дерегіне сәйкес, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 19,8%, ал жиынтық капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 20,5% болды. Жоғары өтімді активтердің көлемі 21 трлн теңгеге жетіп, банктер активтерінің 28,8%-ын құрады.

Қадағалау алдын ала әрекет етуге көшті

ҚНРДА жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі – тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесінің енгізілуі. Агенттік AQR активтер сапасын жүйелі бағалауды, қадағалау бойынша стресс-тестілеуді және SREP әдістемесі бойынша банктерді бағалауды жүргізеді. Бұнда тек нормативтердің сақталуы ғана емес, сонымен бірге банктің бизнес-моделі, корпоративтік басқарылуы, активтер сапасы, капиталдың жеткіліктілігі және қолайсыз сценарийлерге төтеп беру қабілеті де тексеріледі.

2025 жылы стресс-тестілеу сектор активтерінің 86%-ы мен несие портфелінің 87%-ын құрайтын ең ірі 11 банкті қамтыды. Стрестік сценарийде бұл банктердің негізгі капиталының жиынтық жеткіліктілік коэффициенті минималды 5,5% нормативі кезінде 16,1%-ды құрады. Тексеру қорытындысы бойынша әрбір банкке 0%-дан 3%-ға дейінгі жеке капитал буфері белгіленді, ол дивидендтер төлеуді шектеу кезінде ескеріледі.

Бұған дейін ҚНРДА мен Халықаралық валюта қоры банк жүйесінің тұрақтылығын, проблемалық банктерді реттеу тетіктерін жетілдіруді және қадағалаудың халықаралық стандарттарын енгізу мәселелерін талқылаған болатын. Тараптар жаңа банктер туралы заңға, Қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) ұсынымдарын іске асыруға, қаржылық қауіпсіздік желісін дамытуға, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшіруге және инвесторларды қорғауды күшейтуге ерекше назар аударды.

Банктер мемлекеттік қолдауды қайтара бастады

ҚНРДА бұған дейін мемлекеттік көмек алған банктер үшін шарттарды өзгертті. 2023 жылы мемлекеттік қолдау қаражатын сақтап отырған банктердің дивидендтер төлеуі заңнамалық тұрғыдан шектеліп, оларды мерзімінен бұрын қайтару механизмі іске қосылды.

Қаржылық тұрақтылық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері қазақстандық банктер мемлекетке шамамен 738,2 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдауды қайтарды. Halyk Bank 250 млрд теңгені, Bank RBK 243,7 млрд теңгені, Банк ЦентрКредит 60 млрд теңгені, Alatau City Bank 150 млрд теңгені, Еуразиялық банк 30 млрд теңгені, ал Нұрбанк 4,5 млрд теңгені өтеді. 2026 жылдың басында өтелмеген мемлекеттік қолдау көлемі 1,112 трлн теңге болды. Оның ішінде Alatau City Bank 950,2 млрд теңгені, Еуразиялық банк 120 млрд теңгені, Нұрбанк 42,3 млрд теңгені қайтаруға тиіс еді.

Шілде айында Alatau City Bank тағы 125,3 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтаратынын мәлімдеді. Бұл операция аяқталғаннан кейін үш банктің мемлекет алдындағы берешегі шамамен 987,2 млрд теңгеге дейін қысқаруға тиіс. Оның шамамен 824,9 млрд теңгесі Alatau City Bank-ке тиесілі.

Мемлекеттік қолдау мен дивиденд төлеу арасындағы байланыс банк иелерінің ынталандыру тетігін де өзгертті. Мемлекеттік қаражат банкте сақталған кезеңде акционерлер оның пайдасын бөлу мүмкіндігінен шектеледі. Кейін бұл тәсіл төлем қабілетінен айырылған банктермен жұмыс істеудің жаңа тетігінде одан әрі дамытылды.

Жаңа заң реформаларды заңнамалық түрде бекітті

«Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңға 2026 жылғы 16 қаңтарда қол қойылды. Заң жобасын ҚНРДА мен Ұлттық банк бірлесіп әзірледі, сондықтан оны дайындауды тек Агенттіктің жетістігіне жатқызу дұрыс болмас еді. Дегенмен құжаттың басым бөлігі ҚНРДА 2020 жылдан бастап дамытып келе жатқан қадағалау бағыттарын заңнамалық тұрғыдан бекітеді.

Заңда базалық және әмбебап банк лицензияларының моделі, мінез-құлықтық қадағалау және төлем қабілетінен айырылған банктерді реттеудің жаңа жүйесі енгізілді. Проблемалық банкке қатысты үш кезеңнен тұратын режим қарастырылған: күшейтілген қадағалау, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлем қабілетінен айырылған банкті реттеу. Бұл кезеңдердің бірінен екіншісіне өту алдын ала белгіленген критерийлерге сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

Жаңа модельге сәйкес, банктің шығындары ең алдымен акционерлердің капиталы және заңда көзделген инвесторлардың міндеттемелері есебінен өтеледі. Мемлекеттік қолдау жүйелік маңызы бар банкке қатысты ғана қолданылатын ерекше шара ретінде қарастырылады. Бұл ретте дивидендтер мен бонустар төлеуге шектеу қойылып, банкті қалпына келтіру жоспары әзірленуі және кейін мемлекеттік қаражаттың қайтарылуы қамтамасыз етілуге тиіс.

Реттеуші қарыз алушыларды қорғауды күшейтті

Соңғы жылдары ҚНРДА проблемалық берешекті реттеудің міндетті жүйесін қалыптастырды. Бұл ретте негізгі жауапкершілік бастапқы кредиторға жүктеледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаржы ұйымдары азаматтардың 814,3 млрд теңге көлеміндегі берешегін реттеді. Оның ішінде 740,4 млрд теңге қарызды қайта құрылымдауға, ал 73,8 млрд теңге берешекті толық немесе ішінара есептен шығаруға тиесілі болды. Бұған қоса, әлеуметтік осал топтарға жататын 142,5 мыңнан астам азаматтың міндеттемелері толық есептен шығарылды.

Қашықтан несие беру саласында қарыз алуға ерікті түрде тыйым салу, «салқындату кезеңдері», күшейтілген биометриялық сәйкестендіру және қосымша тексеру тетіктері енгізілді. 6,5 млн-нан астам азамат несие алудан өз еркімен бас тарту мүмкіндігін пайдаланды. ҚНРДА дерегінше, анықталған алаяқтық несиелердің көлемі 2024 жылғы 20,3 млрд теңгеден 2025 жылы 4,6 млрд теңгеге дейін қысқарған.

МҚҰ мен коллекторлық агенттіктер нарығы тазартудан өтті

ҚНРДА микроқаржы ұйымдарына қойылатын капитал талаптарын күшейтіп, тәуекелі жоғары микрокредиттерге шектеу енгізді және қадағалауды қатайтты. 2023 жылдан бері Агенттік МҚҰ мен коллекторлық агенттіктерге қатысты 824 тексеру жүргізіп, 310 қадағалау шарасын қолданды. Сондай-ақ жалпы сомасы 693,4 млн теңге болатын 2 010 айыппұл салынды. 99 МҚҰ-ның лицензиясы қайтарылып алынды, 29 ұйымның лицензиясының қолданылуы уақытша тоқтатылды, ал 47 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.

Алты жылдағы басты нәтиже тәуекелдердің жойылуы емес, оларды ерте кезеңде анықтайтын жүйенің қалыптасуы болды. ҚНРДА банктердің активтер сапасын тұрақты түрде тексеруге, капиталға жеке талаптар белгілеуге, тәуекел деңгейі жоғарылаған жағдайда дивиденд төлеуді шектеуге және банктің жағдайы нашарлаған кезде қандай шаралар қолданылатынын алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін құралдарға ие болды. Жаңа заң осы модельді заңнамалық деңгейде бекітті.

Тақырыпқа орай