Қаланы жаңбыр суынан қалай қорғаймыз

"МИРАС" УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ

Күз келді, алда жаңбырлы күндер басталады. Тағы да үйреншікті су басқан көшелер, белуардан суға батқан көліктерді, наразы тұрғындарды көруіміз  мүмкін. Қалада жаңбыр тоқтағанда емес, су ағатын жол тапқанда аяқталады

23 шілдеде Астанада 22 минутта 11,4 миллиметр жауын жауып, бір тәулікте 18,2 мм-ге жетті. Көшелерді су басып, көліктер кептелісі болды. Қала тұрғындары видеолар жариялап, әлеуметтік желілерде жағдайды талқылап жатты. Егер аумағы 797,3 шаршы метр болатын Астанада бір күн толассыз жаңбыр жауатын болса, онда қаланы 14,5 млрд литр су басады. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, бұл 60 мың литрден 240 мың теміржол цистернасына тең деген сөз. Әрине, бұл ауқым жағдайды бағалау үшін келтіріліп отыр, жалпы жауын барлық жерге бірдей жаумайды.

Алматыда да тап осындай жағдай. 2026 жылы арық желісінде 124 проблемалық учаске бар екені анықталды. Шілде айындағы мәлімет бойынша, оның 80-інде жөндеу жұмысы аяқталған, 28-інде жұмыс жүріп жатыр. Ал 16-сы жөндеу кезегінде тұрған. Қалалар да, жүйе де әртүрлі, бірақ бәрін ортақ сұрақ біреу: жауын суы қайда кетеді және оның бағыты қай жерде үзіледі?

Су бұру жүйесін су жиналатын аумақтың маңынанда жобалау қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір жерге су ағатын бүкіл аумақты есепке алу керек. Аула немесе тұрғын үй кешенінің шекарасы судың жолын тоқтатпайды. Шатырдан аққан су аулаға, ауладан көшеге, одан әрі коллекторға түседі. Осы жолдың бойында судың бірнеше меншік иесіне тиесілі аумақ арқылы өтуі мүмкін, ал бүкіл маршрутқа жауап беретін нақты бір тарап болмауы ықтимал.

Әркім өз ауласындағы судан тезірек құтылуға тырысқанда, еңістегі ағын еселеп артады. Ондай көп суды әдеттегі арық пен суағарлар өткізе алмайды. Бұл өз аулаңды судан тазалап, көрші көшені суға батыру деген сөз. Сондықтан кез келген көркейту-көгалдандыру жұмысында «су бұл аумақтан шыққан соң қайда кетеді» деген сұрақ басты назарда болу керек.

Мен «суды сіңіріп алатын қала» тұжырымдамасын қала құрылысының негізгі қағидаларының бірі ретінде бекітуді ұсынамын. Мұның мәні қарапайым: суды жерге сіңіріп, іркіп ұстау, оның пайдалы бөлігін сақтап, артығын қауіпсіз түрде сыртқа ағызу. Бұл үшін жаңбыр суы жиналатын жасыл ойпаттар, су өткізгіш төсемдер, жинақтаушы резервуарлар мен нөсер кәрізі қажет. Олар бірлесіп жұмыс істеп, құбырларға түсетін біржолғы салмақты азайтуға тиіс.

Мәселенің ауқымын Астанадағы Ботаникалық бақ мысалымен түсіндіріп көрейік. Оның аумағы – 89,177 гектар. Егер 20 миллиметр жаңбыр жауса, бақ аумағына шамамен 17 835 текше метр, яғни 18 миллион литрге жуық су түседі. Оның сыйымдылығы 60 текше метрлік 300 теміржол цистернасына тең.

Осы судың бір бөлігін жер асты резервуарларында жинап, жаздың аптап ыстығында өсімдіктерді суаруға пайдалануға болар еді. Әрине, жауын суын толық жинап алу мүмкін емес: белгілі бір бөлігі топыраққа сіңіп, өсімдіктерді өзі-ақ қоректендіреді. Егер жауын-шашынның шамамен 20%-ын жинайтын болсақ, 3,6 миллион литрдей немесе 60 цистерна су болады. Ал оның қаншасын нақты жинауға болатыны және суаруға неше күнге жететіні аумақты зерттеп, өсімдіктердің суға деген қажеттілігін есептегеннен кейін белгілі болады.

Енді шетелдік тәжірибеге көз жүгіртейік. Ең сулы өлке саналынатын Финляндияның өзі ресурстың молдығына қарамастан, су ағынын жүйелі басқарудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр. Finnish Water Forum ұйымының мәліметінше, судың жер асты қорларын топырақ арқылы жер үстіндегі су көздерімен толықтыру тәсілі кеңінен қолданылады. 2021 жылғы деректер бойынша, бұл су көзі халықты 16%-ға шаруашылық-ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.

Жауын суын пайдалануда Хельсинки тәжірибесі де назар аударарлық. Мұнда жаңбыр мен қар суын әркімнің өз жер учаскесіне пайдалану немесе топыраққа сіңіру ұсынылады. Егер грунт суды өткізбесе, оны қалалық жүйеге жібермес бұрын бөгей тұру керек. Ал көршінің аумағына су ағызуға меншік иесінің келісімімен ғана жіберуге болады. Демек судың бағыты үй салғанға  дейін жобалануы керек.

Ал Сингапурда жаңбыр суын жинау жалпы сумен жабдықтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған: ел аумағының үштен екі бөлігінде су жиналады. Осы жерден су арналар мен суағарлар желісі арқылы су қоймаларына құйылады. Аумағы 0,2 гектардан асатын жаңадан салынатын немесе қайта жаңғыртылатын нысандардың барлығы судың қоғамдық желіге бірден құйылуын бөгейтін шараларды қарастыруға міндетті. Яғни жеке жобаның өзі қалалық инфрақұрылымға түсетін салмақты ескеруге тиіс

Жауын-шашын көлемін ғана емес, жаңбырдың қарқынын да ескеру қажет. Тәулігіне немесе бір сағатта жауған 20 миллиметр жаңбырдан түсетін су көлемі бірдей болғанымен, инфрақұрылымға түсетін салмағы екі түрлі болады. Сондықтан әрбір жобад «Судың қанша көлемі түседі? Оның қаншасын іркіп ұстауға болады және артығы қайда бағытталады» деген сұрақтарға нақты жауап болуға тиіс. Астанада топырақтың тоңазып қалуын және қардың еруін есепке алу қажет болса, Алматыда жердің еңістігі мен су ағынының жылдамдығын ескеру шарт. Ал өзен тасқынынан қорғау жеке, арнайы шешімдерді талап етеді.

Мұндай шешімдерді іске асыру талаптары бар. Су өткізгіш төсемдерге лайықты негіз бен ұдайы тазалауды қажет етеді. Ал су жинайтын резервуар келесі жаңбырға дейін босатылып, артық суды қауіпсіз ағызатын жүйемен жабдықталуға тиіс. Автотұрақтан аққан су мен шатырдан түскен судың ластану деңгейі екі басқа, сол себепті оны қайта пайдалану үшін тиісті тазалаудан өткізу керек. Себебі бұл жүйе нысан пайдалануға берілген күні ғана емес, жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеуі қажет

Экономикалық тиімділікті де толықтай есептеген жөн: құрылыс, күтіп-ұстау, тазалау, сорғылар мен жөндеу шығындары түгел ескерілуге тиіс. Бұл шығындар ауызсуды үнемдеуден түсетін пайдамен және су басу қаупінің азаюымен салыстырылады. Ал резервуар салу жиналған суды тұтынатын нақты нысан мен қажеттілік болғанда өзін ақтайды. Мұндай инфрақұрылымды күтіп-ұстауға бюджеттен қаржы бөлініп, жауапты орындаушы бекітілуі шарт.

Жаңа шағынаудандарға арналған техникалық тапсырмаларда құрылысшылар мен девелоперлерге қойылатын талаптарда айқын көрсетілуге тиіс: судың қанша көлемін іркіп ұстау керек, қаншасын кәрізге ағызуға болады, апатты су ағар қайда орналасады және нысанды кім күтіп-ұстайды? Қала – жалпы жүйеге, ал құрылыс салушы өз жобасының қалаға түсіретін жүктемесіне жауапты. Бұл жұмыс тек қала қазынасының есебінен қаржыландырылмауы керек. Егер девелопер қаланың дамуынан пайда тауып отырса, ол осы дамудың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымға да инвестиция салуға міндетті.

Бұл іске университеттерді де тартқан абзал. Студентер оқытушылардың басшылығымен жердің рельефі мен топырағын зерттеп, жауын-шашын мөлшері мен су қозғалысын өлшей алады, сондай-ақ суды жинау мен суарудың тиімді тәсілдерін салыстырып тексере алады. Осы орайда Астанадағы Ботаникалық бақ зерттеудің пилоттық жобасы болуға сұранып-ақ тұр. Оның нәтижесі қанша су іркілді, қаншасы пайдаға жаратылды және күтіп-ұстау қанша тұрады деген нақты деректерді берер еді.

Жаңа шағын ауданды ғимараттың фасадына, ауласының әдемілігіне және шаршы метрінің бағасына қарай бағалап келдік. Енді бұған тағы бір басты критерий – жаңбыр суын қалай басқаратынын қосатын уақыт келді. Өйткені жобада ескерілмеген су бәрібір шығатын жол табады. Тек оның шығынын кейін тұрғындар мен қала өтеуге мәжбүр болады.

Тақырыпқа орай