Фото: kursiv.media
2022 жылы бюджетке мерзімінде түспеген салық көлемі 708 млрд теңгені құраған. Кейінгі 3 жылда мерзімінде төленбеген салық көлемі өсіп отыр. Мәселен, 2021 жылы мерзімінде төленбеген салық 2020 жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары болған. Ал 2022 жылы бересінің мәні тағы 14,1% немесе 87,0 млрд теңгеге өскен. Жоғары аудиторлық палата 2022 жылғы салық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін қорытындыланды.
2022 жылы шоғырландырылған бюджетке 21 241,7 млрд. теңге салық түсімі түскен. Ол ЖІӨ-ге шаққанда 20,6% құрайды. Ал 2021 жылмен салыстырған 59,4% өсім көрсеткен.
Салық түсімінің артуына мұнай бағасының қымбаттауы және мұнай секторы кәсіпорындары кірісінің артуы себеп болған. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, республикалық бюджетке 2 186,9 млрд теңге салық пен түрлі төлемдер артық төленген.
Алайда Жоғары аудиторлық палата былтыр 708 млрд теңге көлеміндегі салық уақтылы төленбегенін анықтаған. Палата Қаржы министрлігінің даму жоспарында салықтық бақылауды цифрландыру және бересіні мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының тиімділігі бойынша нысаналы индикаторлар жоқ деп мәлімдейді.
«Мемлекеттік кірістер комитетіндегі ақпараттық жүйелердің жұмысы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасын бұзып отыр. Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жоба алынған әсерді бағалаусыз аяқталды. Толық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында тексеру графигіне енгізу үшін салық төлеушілерді іріктеу процесі жетілдіруді талап етеді. Мемлекеттік кіріс органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы орындалмаған хабарламаларға уақтылы ден қоймау фактілеріне жол беруде», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жаңа заңды тұлғаларды тіркеу шарттарын барынша жеңілдетуде кері әсерін беріп жатыр. Палатаның пайымдауынша, мерзімінде төленбеген салықтың жартысына жуығының өндіріп алынуы екіталай. Оған қоса оңалту және банкроттықтың тиімділігі төмен және әлеуметтік талаптарды өтеу мен оны жүргізуге байланысты шығыстарды өтеумен шектеледі.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата 17,9 млн. теңге сомаға қаржылық заң бұзу, 15,4 млн. теңге тиімсіз пайдалану, 613,2 млн теңге кіріс бөлігі бойынша бюджет шығынын, 23 рәсімдік заң бұзу пен 78 жүйелік кемшілікті анықтаған.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата 9,3 триллион теңге бюджет қаржысының қалай игерілгенін тексерген. Песпубликалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қорытындысын жариялаған Жоғары аудиторлық палата 9 ұлттық жобаның жетеуінің тиімділігі төмен деп мәлімдеген еді.
Атап айтқанда, 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі жобаның 7-інің тиімділігі төмен. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган мен орталық мемлекеттік орган арасында іс-шаралардың қаржыландырылу көлемі мен орындалуы бойынша деректердің бір-біріне қайшы келу жағдайы көп кездескен.