Жаңалықтар

Шетелден 500 мың турист келді: қонақүйлер жарты жылда 99 млрд теңге табыс тапқан

Коллаж: kursiv.media

2023 жылдың алты айында еліміздегі қонақүйлер туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Штеледен 500 мыңнан аса турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 45%-ға артық, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Туризм министрлігі туристердің Қазақстандағы қонақүйлерге қанша ақша әкелгенін хабарлады. Қонақүйлердің табысы пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда екі есеге жуық өсті.

«2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға артық. Былтыр қаңтар-маусым аралығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 67,8 млрд теңгеге қызмет көрсеткен болатын», деп жазылған хабарламада,

Биыл бірінші жартыжылдықта қонақүй қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Ал пандемияға дейінгі деңгейден 1 млн адамға көп.

«Сондай-ақ, биыл қаңтар-маусым аралығында еліміздегі орналастыру орындарына 516 мың шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш былтырғы нәтижеден 1,8 есе артық. Сонымен қатар, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша орналастыру орындарының саны 3 914-ке жетіп, бір уақыттағы сыйымдылығы – 205 мың төсек-орынды құрап отыр»,- деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Ішкі туризмнің жағдайы қандай?

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2023 жылдың І тоқсанында ел ішінде саяхаттаған туристер саны 1,3 млн адамды құрады. Бұл былтырғы деңгейден 19,1%-ға (200 мың адам) жоғары. 10 жылдан бері жыл басында мұндай көрсеткіш байқалмаған.

Дәл осындай көрсеткіш 2020 жылдың қаңтар-наурызында байқалып, 20,1%-ға (0,2 млн адам) өскен еді. 2021 жылдың басында ел ішінде саяхаттушылар қатары күрт азайды. Барлығы 900 мың адам болды. Ал 2022 жылғы қаңтар-наурыз айында ішкі туристердің саны 1,1 млн-ға жетті.Жалпы 2022 жыл ішінде ел ішінде саяхаттаушылар саны 8,6 млн адамға жетті. Осылайша, былтыр ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылған.

Қазақстанда туристік қызметпен айналысуға лицензия 380 туроператорда бар. Бұған дейін мемлекеттік тізілімде қағаз және электрондық форматтағы лицензиясы бар 1240 туроператор болған. Олардың көпшілігі жұмысын тоқтаса да тізімде қалған. 

Еліміздің топ-5 туристік бағытына Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау кіреді. Бес шаһар дәстүрлі түрде осы рейтингте көш бастап тұр. Жазғы маусымға қарай, оларға деген қызығушылық орта есеппен 20%-ға өскен.

Дегенмен биылғы демалыс туристерге қымбатқа түсті. Еnergyprom.kz сайтының жазуынша, куорттық айтмақтардағы қызмет құры бір жылда 27 пайыз қымбаттаған. Орта есеппен қаңтар–наурыз айларында бір орын 14,4 мың теңге болса, бір жыл бұрын 11,3 мың теңге болған.

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2030 жылға қарай туристер саны 15 млн-ға жетеді деген болжам жасаған.

Қазіргі кезде Қазақстанның туристік картасы бекітіліп, оған 102 түрлі туристік нысан мен аймақ енген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 33 туристік аумақ пен нысан бар.