Фото: shutterstock.com
Елімізде балаларға арналған қауіпсіз контентті қалыптастыру үшін еліміздегі TikTok, Instagram, Facebook, Вконтакте және YouTube платформаларының өкілдерімен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл шара Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталып қабылданған кешенді жоспар негізінде жүзеге асады. Жоспар аясында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар жүзеге асырылады. Ол 2023-2025 жылдарды қамтиды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Құжатты жүзеге асыру барысында балаларға арналған BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығы құрылмақ,
«Оның шеңберінде облыстар, аудандар және қалалар бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалады, онда балалар арасындағы құқық бұзушылықтар, зорлық-зомбылық және қорлау фактілері, сабаққа келмеу және т.б. туралы өзекті ақпарат көрсетіледі», делінген хабарламада.
Бұл «дағдарысты басқару» әдісін қолдана отырып, сапалы мониторинг жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.
Сонымен қатар Финляндия тәжірибесі негізінде білім беру ұйымдары үшін онлайн сауалнамалар, тақырыптық сабақтар, әңгімелесу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізуді көздейтін буллингке қарсы бағдарлама әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға не кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітіледі.
Бұдан басқа, кейс-менеджмент тетігін қолдану арқылы мектепішілік есепке алуды жүргізу тәсілдері өзгертілетін болады.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттері айтарлықтай төмендейді деп күтілуде.
Жақында Бас прокуратура өгей әкесімен тұратын балалардың отбасы тексерілетінін хабарлады.
БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен 65 мемлекетте баланы ұрып-соғуға заңмен тыйым салынғанын атап өткен.