Фото: shutterstock.com
Еуропалық комиссия ЕО нарығында Қытайдан келетін арзан электр көліктерінің көбеюіне қатысты тергеу жүргізеді. Бұл туралы Еурокомиссияның өкілі Мириам Гарсиа Феррерге сілтеме жасай отырып, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлайды.
«Бұл Қытай үкіметінің осы салаға мемлекеттік ауқымды субсидия бөлуіне байланысты. Бұл импорт еуропалық нарыққа өте агрессивті түрде бағытталған. Кейінгі айларда осы импортқа қатысты деректер базасын тексере және нарық зерттеулерімен таныса отырып жинаған дәлелдеріміз, расында Қытай өндірісін ЕО өнеркәсібіне соққы берердей өсіргенін байқатады», дей ол.
Бейсенбіде Брюссельде өткен брифингте журналистер Мириам Гарсиа Феррерден ЕО президенті Урсула фон дер Лейеннің Еуропа Одағы жайлы баяндамасының «Тарих шақыруына жауап беру» бөліміне түсініктеме беруді сұрады. Еурокомиссия төрағасы Қытайдан ЕО-ға кіретін электр көліктеріне бөлінетін субсидияны зерттеу жоспары бар екенін мәлімдеді.
Фон дер Лейен Қытайды «әділетсіз сауда» үшін, атап айтқанда, «қомақты мемлекеттік субсидия арқылы қытайлық электромобильдердің бағасын жасанды түрде төмен ұстап отыр» деп айыптады.
Гарсиа Феррердің айтуынша, тергеу әлі басталған жоқ. Ресми басылымдағы алдағы жарияланым бүкіл процедураны егжей-тегжей сипаттауы керек.
«Бұл іс мықтап тергеледі. Біз бүкіл мүдделі тараптармен, сонымен қатар, Қытай тарапымен кеңесетін боламыз», – деді ЕК өкілі.
Ол Еуропалық комиссия Дүниежүзілік сауда ұйымы мойындаған коммерциялық құқықтық құралдарын пайдалана отырып, істі ашық жүргізуге ниетті екенін айтып өтті. Баспасөз хатшысының айтуынша, Еуропалық комиссия алдымен толық құжаттаманы қалыптастыру үшін қажетті ақпаратты жинайды.